Ақмола облысында есірткіні жасырып кету арқылы тарату көбейген. Биыл осындай 16 қылмыскер ұсталды. Осы жолы қолға түскендердің үшеуі - кәмелеттік жасқа толмағандар. Тәркіленген синтетикалық есірткі көлемі де едәуір көп. Былтыр 79 грамм болса, биыл он айда 560 грамм. Ұсталғандарға 7 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Есірткі жасырушылар мобильдік қосымшалар, мессенджерлер арқылы байланыс орнатады. Сондықтан заңсыз әрекетті жүзеге асырып отырғандарды анықтау қиын дейді мамандар.
Мейрам Жапбасов, облыстық Полиция департаментінің басқарма бастығы:
Алдында көпқабатты үйлерге, аулаларға жасыру көп болатын. Тұрғындар назар аудара бастағандықтан және бейнебақылау камералары көбейгендіктен, жасыру орындары өзгерді. Қазір негізінен қаланың сыртында, саябақтарда, адамдар аз жүретін жерлерге тығады. Бұл мәселе өте өзекті болып тұр. Сондықтан жан-жақты алдын-алу шараларын өткізіп жатырмыз.
Қызылордада есірткіні қан тамыры арқылы егетін «экстрациялық апиын» әзірлейтіндер құрықталды. Олар қала орталығындағы көпқабатты тұрғын үйдің пәтерін есірткі дайындайтын ошаққа айналдырған. Полицияның жедел жасағы қылмыскерлердің кезекті «апиын дозасын» әзірлеп жатқанда үстінен түскен. 68 жастағы қала тұрғыны сыбайласымен бірге ұсталды. Пәтерді тінтіп-тексеру барысында есірткі қайнататын ыдыстар, медициналық шприцтер айғақ зат ретінде табылды. Ал ұсталған күдіктілер уақытша абақтыға қамалды. Қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде.