Павлодар облысында егістікке су жеткізетін 5 бірдей магистралдің құрылысы уақытында бітпей, кесірінен 17 мың 500 гектар егіс алқабы пайдалануға берілмеді. Ал, келер көктемде егін салуға қам жасап қойған жергілікті шаруалар енді шығынға бататын болдық деп дабыл қағуда. Болат Аманбаев мән-жайды анықтады.
«Жангөбек» серіктестігі 1200 гектар жерге картоп пен сәбіз және майлы дақылдар егетін кешенді техникаға тапсырыс беріп қойған. Күзде топырақ қопарып, су бүркетін қондырғыға арналған құбырларды салып жатыр. Бірақ орталық магистраль құрылысы бітпей қалды. Тіпті, жасалған жұмыстардың өзі сапасыз-дейді шаруа.
Армия Таукенов, ЖШС атқарушы директоры:Біз енді өз жерімізді дайындап отырмыз. Ертеңгі күні біз тұқымды сатып алып, ол өспей қалып, жерде қалса, су болмайтын болса, онда біздің істеген жұмысымыз далада қалады.
Мердігер - «ҚазСу шаруашылығы» мемлекетік мекемесінің Шығыс филиалы, жоспарланған жұмыстың жартысын ғана атқарған. 1 млрд 59 млн теңгеге бағаланған магистралдің құрылысы жоспар бойынша келесі айда бітуі керек еді.
Дәулет Жанысов, «Қазсушаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің шығыс филиалы директорының орынбасары:Бүгінгі күнге 5 шақырым 200 метр құбыр салынып, жаңағы жапсарлау жұмыстары жасалып, жерге орнатылды. Үстін топырақпен жабу жұмыстары бітті. Соның жұмысының құны 500 млн.
Былтыр басталған құрылысты мерзімінде аяқтамай, қымбатшылыққа ұрынған мердігер енді үкіметтен қосымша қаржы сұрамақ. Бұл ғана емес, аймақта жалпы құны 15 млрд теңге болатын 5 бірдей жоба тоқтап тұр.
Серік Мұстафин, «Қазсушаруашылығы» мемлекеттік мекемесінің павлодар филиалының бөлім басшысы:Бес бірдей нысанның пайдалануға берілмеу себебі, толықтай қаржыландыру болған жоқ. Екіншіден, қызмет көрсету, жұмыс кұші, құрылыс материалдары түгелдей қымбаттап кетті. Жақында Ұлттық эколномика министрлігі осы мәселені қарайды. Содан кейін құрылыстың нақты қай мерзімде аяқталатынын айтамыз.
Өңірде қырдың қары сәуірге дейін жатады. Сондықтан құрылыс мамырда басталып, күзге дейін созылуы мүмкін. Ал, көктемде салған көкөніс жазда қурап кетеді. Егінді салмайтын болсақ инвестициялық бағдарлама орындалмады-деп банк берген несиесін толық көлемде кері қайтаруды талап етеді деген шаруалар енді кімге шағымданарын білмей дал.
Болат Аманбаев