Қостанай облысында - Арқалық қаласына қарасты Родина ауылының балалары әкімдік ғимаратында оқып жатыр. Себебі жазда басталған мектептегі жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Білім ошағының оқу процесіне осы уақытқа дейін дайын болмауына не себеп? Дәуренбек Әбдібек тарқатады.
Әкімдік қызметкерлері қыркүйек туысымен орындарын оқушыларға босатып ауыл амбулаториясына көшкен. Әйте де мектептегі 372 балаға әкімдік ғимараты тарлық етеді. Аядай бөлмелерде қысылып-қымтырылған жасөсіпірімдер жөндеудің бітуін асыға күтіп жүр.
Аяулым Теміржан, оқушы:Өзіміздің мектебімізге оралғымыз келеді. Сағындық. Екінші тоқсанды жаңа мектепте бастағымыз келеді. Жөндеу жұмыстарының тезірек аяқталғанын қалаймыз.
43 жыл бұрын пайдалануға берілген мектеп ғимараты әбден тозған. Биыл оны қайта жаңартуға 452 млн теңге қаржы бөлінді. Бірақ тендер кезінде мердігерлер бір-бірінің үстінен шағымданып, бірнеше рет тексеріс жүргізілген. Соның кесірінен жұмыс мерзімінен кешігіп басталды. Бұл шиеленістің бәрі шешілгенде жобадан шикілік шықты. Жұмыс ауқымы мен шығын көлемін қайта есептеуге тура келді. Ол аздай құрлыс материалдарының құны да бірнеше есе қымбаттап кетті.
Анарбек Мархабай, мердігер компания өкілі:Мысалы диаметрі 15 жылу құбыры трубаларын 600 мыңға алдық. Тақтайдың бағасы 60 мың теңге еді, оны 160 мыңға алдық. Әрине, ұтылып тұрмыз. Нарықтағы бағаның өсетінін ешкім білген жоқ. Бұл әлемдік экономиканың жағдайы.
Сөйтіп қазанның онына дейін бітуі тиіс жұмыс қараша туғанда да аяқталмады. «Онсыз да шығынға баттық» деген мердігерлерді енді тапсырыс беруші жақ сотқа береміз деп отыр.
Есламбек Мәметеков, Арқалық қаласы білім бөлімінің басшысы:Өздерінің қалған қаржысынан Үкіметке қаржы қайтаруы керек. Уақытты созғаны үшін. Егерде оны жасамайтын болсам ертең мен жауап беремін. Сондықтан біз сотқа беруге міндеттіміз. Сотқа берілді.
Яғни, жағдайды түсінгенімен білім бөлімінің заң талаптарына сәйкес мердігерді сотқа бермеске амалы жоқ. Ал жөндеу жұмыстары осы қалпынан таймаса 15 қарашаға дейін аяқталады. Тапсырыс беруші тарап пен мердігер компания өкілдері де осылай деп отыр.
Дәуренбек Әбдібек