Түркістан облысындағы алапат дауыл бүгін де басылмай тұр. Соның салдарынан 51 елдімекенде тұратын 26 мыңдай тұтынушы жарықсыз қалды. Абырой болғанда адамдар жарақат алмаған. Облыстық Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, топырақ аралас жел тұрып, әсіресе Бәйдібек ауданындағы ауылдарға зиян келтірген.
Сондай-ақ, табиғаттың тосын мінезінен Арыс қаласы мен Сайрам, Отырар, Ордабасы аудандарында үйлердің шатыры ұшты. Электр желілері үзілген. Бүгінде жарыққа жауапты мекеменің 25 бригадасы жұмысқа кірісті. 80-нен астам жұмысшы мен 22 бірлік техника тартылған. Олар үзілген желілерді жалғап, қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қатты дауыл әлі де жалғасады деген болжам бар.
Ерік Сарыбасов, Түркістан облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
Енді «Қазгидромедтің» беріп отырған мәліметіне сәйкес, дауылды жел бүгін де сақталады. Кей жерлерде дауылды жел тұруы мүмкін. Осыған байланысты бүкіл облыс, аудан-қалаларда әкімдік тарапынан шұғыл штабтар құрылып, барлық қызметкер күшейтілген қызмет түріне көшірілді.
Айнұр Ақбаева