370 адам құмар ойындарының құрсауынан құтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

370 адам құмар ойындарының құрсауынан құтылды

05.11.2021

370 адам құмар ойындарының құрсауынан құтылды. Дәлірек айтсақ, былтыр заң жүзінде бәс тігуден шектейтін тетік енгізілген болатын.. Яғни, өзін тежей алмайтындар өтініш жазу арқылы ұтыс тігуден бас тарта алады. Бұдан кейін ол азаматты бірде бір букмекерлік кеңсе және казино маңына жолатпайды. Әйтсе де, ойынқұмарлар саны әлі де азаяр емес. Олар пандемия кезеңінде тіпті көбейген.

Ойнаймын деп опық жегендердің бірі – алматылық Бауыржан. Бұрынғы кәсіби спортшы саланы жетік білемін деп жүріп, құмар ойындардың құрығына түсіп тынды. Қарызға батты. Шаңырағы шайқалды. Жұмысы мен мүлкінен айырылды. Оңай олжадан береке таппаған соң, бәс тігуден біржолата бас тартты.

Бауыржан, Алматы қаласының тұрғыны: 
Алғашқы тіккен ақшалар 500 теңгеден басталды. Одан бес мың солай солай көбейе берді. Күн өткен сайын құмарлығым арта берді. Уақыт жылжи 50 мың 100 мың теңгені жоғалтып жатқанымды аңғармай да қалып жүрдім. Ұлыма 10 мың теңгеге киім алып беруге аяйтынмын. Бірақ 50-100 мыңдап ұтылып та жататыным өзіме сезілмеді. Ең көп жоғалтқан ақшам 2 млн-ға жуық.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ойынқұмарлықты психологиялық аурулар қатарына жатқызды. Елімізде оларды түгендеу дерегі жүргізілмейді. Бейресми ақпараттарға сай біздің елдегі қара тізімде 350 мыңнан аса адам бар. Оларды дер кезінде емдемесе тәуелділіктен арылу өте қиын.

Бекзат Байсафаров, психолог: 
Түрме, өлім немесе психбольница. Немесе инвалид болып қалады. Оларды ешкім тоқтатпайды, ешқандай құндылықтар қалмайды. Ата-анасын адам ретінде көрмейді. Қылмысқа барады. Суицидке барады.

Қоғамның дертіне айналған қауіпті ауру әсіресе жастар арасында дендеп барады. Пандемия кезеңінде ойынхана жағалағандар бұрынғыдан да көбейген. Осыған байланысты өткен жылы заңға өзгерту енгізу ұсынылып, ойынқұмарлыққа салынғандарға өзін өзі шектеу тетігі енгізілді.

Руслан Едресов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ойын бизнесін үйлестіру басқармасының басшысы:
Құмар ойындарға және бәс тігуге қатысуды алты айдан 1 жылға дейін өз бетінше жазбаша өтініш арқылы шектеуге мүмкіндігі енгізілді.

Заң күшіне енгелі 370 адам бәс тігуден біржолата бас тартқан. Енді оларды лицензиясы бар ойынханалардың бірде бірі қабылдамайды. Елімізде 40қа жуық букмекерлік кеңсе, карта, казино орталығы бар. Әйтсе де заңсыз ойын мекемесін ашып, көлеңкелі кәсіп жүргізгендер да азаяр емес.

Арман Жүнісов, ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің басқарма жетекшісі:
Қаржылық мониторинг агенттігі барлығы 256 ойын мекемесін жапты. 2020 жылы бұл көрсеткіш 412 ойын мекемесін құрады. Ағымдағы жылы агенттік заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру дерегі бойынша 176 қылмыстық істі тіркеді.

Ойыншылар опық жегенмен, құмар ойындарын ұйымдастыратындардың қалтасы қалың. Жылдан-жылға қызмет көрсету құны артып жатыр. Биыл 6 айдағы көрсеткіш 35 млрд теңгеден асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 есеге артық.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ойынқұмарлықтың соңы трагедияға айналып барады. Зар жылаған ата-ана. Ойрандалған ошақ. Панасыз бала. Құмар ойынның құлына айналғандардың күндегі көрінісі осы. Демек, шектеу талаптарын тағы да күшейткен дұрыс. Қоғамның сұранысы осы.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу