Қазақстанда 6500- ге жуық идеологиялық тұрғыдан ескірген атау бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда 6500- ге жуық идеологиялық тұрғыдан ескірген атау бар

05.11.2021

Қазақстанда 6500- ге жуық идеологиялық тұрғыдан ескірген атау бар. Оларды өзгерту - уақыт талабы. Ономастика саласындағы күрделі мәселелер Талдықорғанда өткен республикалық семинарда қаралды. Шараға бірнеше облыстан сала мамандары келіп, Мәдениет және спорт министрлігіне өз ойларын жеткізуге тырысты.

Алматы облысында үш ауылдық округ, 10 елді-мекен және 500-ге жуық көше идеологиялық тұрғыдан ескірді деп танылып отыр. Жаңа атауларды енгізіп, ретке келтіру 2025 жылға дейін әзірленген жол картасы аясында жүзеге аспақ. Бұл ретте барлық мәселе сараланып, ономастика комиссиясының сүзгісінен өтуі міндетті.
Болат Керімбек,  облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы: 
354 тарихи тұлғалардың 85 пайызы ұлықталып жатыр. Өзіміздің осы тізімге енген Әл-Фараби, Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев сияқты есімдер әрбір көшеге, елді мекенге берілді. Мұқағали Мақатаевтың, Әл-Фарабидің мерей тойына байланысты қойылған атаулар бар.
2025 жылға дейін бекітілген жол картасын жүзеге асыру үшін бірнеше әдістемелік нұсқаулар дайындалды. Басқосуда осы нұсқаулар өзара талқыланды. Алдағы уақытта атау өзгерту мәселесі әлдеқайда жеңілдейді, дейді мамандар.
Ақан Абдуалиев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мәдениет комитетінің төрағасы: 
Көп заңдастыратын мәселелер бар. Кейде оны заңдастыруға сәйкес келмейтін, заң актілерімен бекітілетін мәселелер бар. Соны біз осы кездесулер барысында осындай ұсыныстардың барлығын жинай отырып, ортаға сарапқа салып, тағыда бір шешімдерді шығару керек шығар деп ойлаймыз.
Идеологиялық тұрғыда атауын өзгертуді қажет ететін елді-мекен көшелер елімізде әлі де көп. Ал атау өзгерту оңай, алайда оны өзгертуге ниетті қоғам қалыптастыру маңыздырақ дейді, семинарға жиналған қауым.

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу