Қаратай Тұрысовты еске алу кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаратай Тұрысовты еске алу кеші өтті

05.02.2014
Қаратай Тұрысовты еске алу кеші өтті
Биыл мемлекет және қоғам қайраткері Қаратай Тұрысовтың туғанына  80 жыл толды. Осыған орай бүгін Парламентте арнайы жиын өтіп, ел ағасын еске алды. Шараға марқұмның отбасы мен замандастары және парламент депутаттары қатысып, өткен еңбек жолдарын айтып, лебіздерін білдірді. Өмірінің соңына дейін бар күш-жігерін еліне арнаған ердің есімі бүгінде ұмытылмақ емес.
 
Қаратай Тұрысов жастайынан елдегі қызметін абыройлы атқарғандықтан Кеңес Одағы тұсында да жоғары лауазымды орындарда болды. КСРО жоғарғы кеңесінің екі дүркін депутаты болды. Сол тұста 1987 жылы Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ң жиынында сөз сөйлеп жер тағдыры, экология зардаптары және ядролық қаруға қарсы өз пікірін ашық білдірген болатын.
 
Бұл оқиғаның қазақ тарихы үшін алар орыны ерекше. Өйткені осы мінберде тұңғыш сөйлеген қазақ Қаратай Тұрысов болатын. Ал тәуелсіздік алған алғашқы жылдарда атқарған еңбегі де өз алдына бір төбе.  
 
Қуаныш Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қаратай Тұрысұлы біз Тәуелсіздік алған жылдарда осы ең алғашқы жаңа экономикалық жүйені, жаңа құрылымды, мемлекеттік бағдарламалардың барлығын жасауға белсене қатысқан Нұрсұлтан Әбішұлының бірден-бір сенімді серігі болды, сүйенетін тірегі болды, сенетін тұлғасы болды.
 
Парламент қабырғасында елге еңбегі сіңген азаматтарды осылай еске алысып жатқаны көпшіліктің көкейінен шықты. Жиынға ақсақал замандастары мен жанұясы да қатысып өз лебіздерін білдірді. Ата салт бойынша Қаратай Тұрысовтың өмірлік жары болған Әскерхан Тұрысоваға құрмет көрсетіліп, арқасына жағалы шапан жабылды.
 
Әскерхан Тұрысова, Қаратай Тұрысовтың жұбайы:
Қаракеңді айтардың алдында ең бірінші ел ағасы еліміздің Президенті Нұрсұлтан Әбішұлына шексіз алғысымды білдіремін. Қарағанды өңірінде өскен азаматтар. Сол уақыттан бері осылай бірін-бірі қолдап, сенім артқандығы еш уақытта да бірін-бірі ұятқа қалдырған емес.
 
Қаратай Тұрысов өз уақытында мемлекет ісі бойынша бірнеше буынды тәрбиелеген азамат. Сонымен қоса Егемен Қазақстанның қаржы саясатын қалыптастыруға қосқан үлесі де зор.
 
 
Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу