Белградта өткен бокстан Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін жанкүйерлері елорданың әуежайында күтіп алды. Олардың арасында спортшылардың туыстар мен қала тұрғындары бар.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы жаһандық бәсекеде бес бірдей жүлдеге ие болды. Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов алтыннан алқа тағынды. Ал Махмұд Сабырхан мен Серік Теміржанов күміс медаль еншіледі. Ұлттық құрама капитаны 67 келідегі Абылайхан Жүсіпов қола медальға қол жеткізді. Отандық былғары қолғап шеберлері Сербия астанасы Белградта өткен Әлем чемпионатынан олимпиадада кеткен есесін қайтарды. Бас бапкер Қайрат Сәтжанов бастап барған құрама Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша жалпы медаль кестесінде екінші орынға жайғасты.
Теміртас Жүсіпов, бокстан Әлем чемпионы:
Жалпы командалық есепте екінші орындамыз. Құтты болсын, Қазақ елі! Дайындығымыз жақсы болды. Жақсы нәтиже көрсеттік. Бұл жеңісім барша Қазақстан халқына арналады.
Жүлде қорына келсек: AIBA алтын алған спортшыларға $100 000, күміске $50 000, қолаға $25 000 сыйақы берді. Қазақстан бокс федерациясы тиісінше, бірінші орынға $70 000, екінші орынға $50 000, үшінші орынға табан тіреген спортшыларға $30 000 доллар тарту етті. Ал Қазақстан мемлекеттік сыйлығы $15 000, $7 000 және $5 000 доллар сыйақымен дәрежесіне сай марапаттайды. Сондай-ақ, әр спортшы шыққан өңір әкімдіктерінен де қосымша сыйақы бар.