Үндістанда толассыз жауын мен бұршақ соңы алапат тасқынға ұласты. Табиғи апаттан елдің оңтүстігіндегі Ченнай қаласы қатты зардап шегіп отыр. Қаза тапқандар туралы да мәлімет түскен. Шаһар орналасқан Тамил-Наду штатының басшылығы халыққа ылдида орналасқан аудандардан тезірек көшу қажет екенін ескертті. Су деңгейі жылдам көтеріліп, ағаштар құлап, көліктер топан судың ортасында қалған. Бұл – 2015 жылдан бері осы аймақта болған ең үлкен тасқын. Алты жыл бұрын Тамил-Надуда үлкен сел жүріп, 200-дей адам қаза тапқан еді.