Алматы облысында ЮНЕСКО-ның әлемдік мұралар тізіміне енген үш көне қала бар. Солардың бірі - Қарамерген қалашығы. Зерттеушілер бұл шаһарда тіршілік ІХ-ХІІІ ғасырларда болған деседі. Жібек жолының бір тармағында орналасқан тарихи нысан әлі де кешенді зерттеуді қажет етеді. Қалың жұрт назарынан тасада тұрған қалашыққа барып қайтқан тілшіміз Қуаныш Қанатұлының репортажы.
Қарамерген қалашығы Сарыесік-Атырау құмында Іле мен Қаратал өзендерінің арасында жатыр. Бұл жерге жетудің өзі қиын. Бақанас ауылынан құмды жолмен 6 сағат жүресіз. Көне шаһар қазір Іле-Балқаш резерватының аумағына еніп кеткен. Сондықтан бұл жерге тек орманшы-қорықшылардың аяғы жетіп жүр.
Шұғай Мұқанов, мемлекеттік инспектор:Ешкім аса көп келмейді. Егер келетін жағдайда болса басшылардың рұқсатымен, адамдар жіберіп ілестіріп, инспекция бар, туризм бөлімі бар. Сондайлармен келмесе осы жылдың ішінде келіп жатқан халық жоқ.
Шалғай жатқан қалашыққа әзір археологтардың назары түспеген. Алайда, көне қамалдың қойнауына бүккен сыры көп.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:Қарамерген көне қалашығының аумағында әлі күнге дейін қыштан құйылған ыдыстардың сынықтарын табуға болады. Жалпы бұл жерде үлкен қамал болғанын мына бұрыштардағы мұнаралардың орны айтып тұрғандай. Жалпы бір ғана Балқаш ауданында дәл осындай төрт қалашықтың орны бар.
Ғалымдардың пікірі бойынша, Ұлы Жібек жолының бір тармағы Балқаш көлінің ең жіңішке тұсынан өткен. Ал осы шаһарларда керуендер аялдап, әрі қарай сапарын жалғастырған. Сондай-ақ орталық Қазақстан аумағынан темір рудасын әкеліп, балқытқан көрінеді.
Ералы Ақымбек, археолог:Қарамерген жанынан қыш күйдіретін, керамика күйдіретін пештер анықталған. Одан бөлек шлактардың, темір қождарының шығуы бұл жерде металл өндірісінің дамығанының бір себебін көрсетіп тұр. Яғни Орталық Қазақстаннан алып келіп, осы жерде өндіруі мүмкін деген болжам бар.
Жалғыз тіршілік көзі - Іле өзенінің арнасының өзгеруі және Шыңғысхан әскерлерінің шабуылдары өркениетті қаланың тоқырауына себеп болуы мүмкін. Қарамерген қазақ археологиясындағы бастан-аяқ зерттелмеген шаһар, сондықтан отандық ғалымдар әлем назарын аудартатын тың деректердің жария болатынына сенімді.
Қуаныш Қанатұлы