Алматы облысында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «30 игі іс» акциясы басталды. Шараның өтуіне «Ауыл» партиясы мұрындық болды.
Игі бастама Панфилов ауданы Жаркент қаласында баспанаға мұқтаж адамдарға тұрғын үй кілтін табыстау шарасынан бастау алды. Аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Олжас Жапарқұл төрт жанұяға пәтер сыйлады. Сонымен қатар, шараға жиналған партия мүшелері үйлі болған отбасыларға тұрмысқа қажетті заттар мен техникалар тарту етті.
Олжас Жапарқұл, «Ауыл» ХДПП мүшесі:
Ауданда 143 мың халық бар. Кәсіпкерлер көп. Кәсіпкерлер өздерінің ауылынан осындай мұқтаж отбасыларға қолдан келгенше көмектесіп, үйін, балабақшасын салып, қолдау көрсетсе деп ойлаймын.
Партия мүшелерінің сөзінше, жобаның мақсаты - мұқтаж отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету. Бұл игі іске ауыл шаруашылығының үздік мамандары мен кәсіпкерлер қолдау көрсеткен. Олар қазірдің өзінде ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартуға және инфрақұрылымын дамытуға ат салысып келеді. Шара 16 желтоқсанға дейін жалғасады.
Анас Баққожаев, «Ауыл» ХДПП хатшысы:
Баспанасыз адамдарға үй беру, ауыз су құбырын жүргізу, ауылға жарық тарту, спорттық іс-шаралар, арнайы мектептер ашу - Отыз күннің ішінде мерейтойға дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде осындай игі іс атқарылатын болады.