Қарағанды облысындағы машина жасау зауыты цифрландырылып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысындағы машина жасау зауыты цифрландырылып жатыр

10.11.2021

Қарағанды облысындағы машина жасау зауытында бұрын-соңды қолмен істелген ауыр жұмыстың барлығын қазір ақылды техника атқарады. Бұл - сандық технологияның жемісі. Ең бастысы өнім көлемі ұлғайып, еңбек қауіпсіздігі артқан. Енді алдағы 4 жыл ішінде өңірдегі ең ірі 11 кәсіпорынға да әлемнің озық технологиясы енгізілмек. Тілшіміз Руслан Нұрланұлы Ұлттық жоба аясында цифрлық жүйеге көшкен зауыттардың жетістіктеріне көз жеткізді.

Мына әмбебап машина бір мезетте бес бірдей ескі қондырғының жұмысын атқарады. Ең бастысы өте күрделі бөлшектерді аз ғана уақыт ішінде жоғары сапалы етіп жасап шығарады дейді мамандар.

Алмас Нұртазин, қондырғы операторы:
Қазіргі станоктың айырмашылығы әмбебап станокка қарағанда кішкене жылдам істейді, көп зат істей алады. Бір адам 2-3 станокта істей береді. Ал универсалда бір адам бір станокта ғана істейді. Қауіпсіз, есігі барлығы жабық тұрады. Адамға ешқандай зияны жоқ.

Қазір зауытта сандық жүйемен жұмыс істейтін 55 заманауи қондырғы бар. Соның арқасында еңбек өнімділігі тек соңғы үш жыл ішінде 200 пайызға ұлғайған. Мәселен, 2019 жылы 6 миллиард теңгенің өнімі өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 13 миллиардтан асқан. Кәсіпорында өнімнің 12 мыңнан астам түрі жасалады. Инженерлік-техникалық кешеннің мүмкіндігі бұдан да зор.

Андрей Сафонов, зауыттың өндіріс жөніндегі директоры:
Өндірісті толық жаңғыртудың арқасында еңбек өнімділігін арттырып, технологиялық мүмкіндігімізді, көкжиегімізді кеңейттік. Бұрын-соңды жасамаған өнім түрлерін өндіре бастадық. Қазақстанның әр түкпірінен тапсырыс берушілер көбейді. Ендігі жоспар мұнай-газ, энергетика, теміржол салаларындағы сұранысты қамтамасыз ету. Ол үшін алдағы бір жыл ішінде тағы бірнеше цехты іске қосатын боламыз.

Қарағанды облысы бойынша осы күнге дейін 23 цифрлық жоба жүзеге асқан. Оған, шамамен, 190 миллиард теңге қаржы жұмсалған. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс»Ұлттық жобасына сай биылдың өзінде өңірде жаңадан екі кәсіпорын іске қосылды.

Әлібек Молдакәрімов, Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
Цифрлық модельді фабрикалар деген ұғым бар. Соның ішінде екі фабрика біздің облысымызда іске асырылып жатыр. Негізінен цифрлық жобаларды іске асырғанда ең басты мақсатымыз - бұл еңбек қауіпсіздігі.

Облыста өндірісті жаңғырту жұмыстарының 7 жылдық жоспары қабылданған. 2025 жылға дейін ең ірі 11 кәсіпорында цифрлық жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.


Хабарламаларға жазылу