Осыдан үш жыл бұрын өз алдына дербес аудан болып құрылған Келес ауданы ел Тәуелсіздігінің арқасында қайта түлеп жатыр. Ширек ғасырдан астам уақыт Сарыағаш ауданының құрамында болып, дамудан кенже қалған аймақтағы инфрақұрылым жүйелері шетінен жаңаруда. Аймақта тек биылдың өзінде 21 ауылға табиғи газ кіріп, 97 көшеге асфальт төселді.
Табиғи газ жағып, тұрмысы жайлана түскен елдімекеннің бірі - Жүзімдік. Ауыл халқы қысқа отын-су қамдаудың машақатынан құтылды. Егістік пен малдан шаршап келгенде шәй қайнаулы, қазан асулы. Жылы үйде тіршілікке ыңғайлы жағдайдың бәрі бар. Қазір Келестегі 59 ауыл осындай жайлы өмір кешуде.
Гүлжамал Қалкенова, Жүзімдік ауылының тұрғыны:Үйімізге газ кіргіздік, су кіргіздік. Жылу бар, су ағып тұр. Қазан қайнайды. Өміріміз өте жақсы болды. Бұрын қаланың өміріне қызығатын едік, қаланың адамдарына рахат деп. Енді өзімізде де сондай.
Ауыл-аймақтағы 100-ге жуық ирелеңдеген сұрықсыз көшелер келісті келбет пен жаңа сәулетке ие болды. Қыста батпақ, жазда топырағы бұрқылдап жататын жолдарға тақтайдай тегіс асфальт төселді. Қос қапталына жарық бағаналары орнатылып, аяқжолдар салынды. Жол бойына тұрғындардың демалып, тыныстайтын орындар да жасалған.
Зейілбек Ерназаров, Қошқар ата ауылының тұрғыны:Асфальт жол түсіп отыр. Интернет жұмыс істейді ауылымызда. Электр жарығы жақсарды биыл. Ауылымызға мектеп, амбулатория түсті. Ауылымыз ажарланып, көркі кіріп тұр. Бәріміз қуаныштымыз.
Осындай кешенді жұмыстың арқасында аймақтағы 83 елдімекендегі 711 шақырым ішкі жолдың тең жартысына жуығы толығымен жөнделіп бітті. 16 ауылдың электр желілері ауыстырылып, жаңа трансформаторлар орнатылды.
Ақментай Есбаев, Келес ауданының әкімі:Біз 2023 жылға дейін электр қуатымен қамтуды толық 100 пайызға жеткіземіз. Тура сол сияқты газ мәселесінде де 2025-2026 жылға дейін газбен толық қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар.
Таза ауыз судан тарыққан кездер де артта қалды. Қазір аудан халқының 60 пайызы таза ауыз су тұтынып отыр. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш тағы 21 пайызға артады.