Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ертең Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық Кеңесінің VIII саммитіне қатысады. Бауырлас елдер басшыларының бас қосуында тарихи құжаттарға қол қойылады деп күтіліп отыр. Әрі экономиканың сан саласына қатысты тақырыптар таразыға тартылмақ. Ол қандай мәселелер? Ауқымды шараға соңғы әзірліктер жайында Ыстамбұлдан тілшіміз Досжан Маратұлы айтсын.
Досжан Маратұлы, тілші:Ыстамбұл. Түркияның ең ірі қаласында қазір қарбалас. Бауырлас ел Түркі кеңесінің кезекті саммитін өткізуге әзірленіп жатыр. Сондықтан ауқымды шара алдында қауіпсіздік күшейтіліп, жергілікті жандармдар қаланы қатаң бақылауға алған.
Ал Түркі кеңесінің VIII саммиті ертең өтеді. Оған кеңеске мүше Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия және бақылаушы елдер Мажарстан мен Түрікменстан президенттері келеді деп күтілуде. Тараптар сауда, цифрландыру, жасыл технологиялар секілді өзекті мәселелерді талқылайды. Әрі тарихи құжаттарға қол қойылмақ.
Бағдат Әміреев, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы:Ең бірінші - «Түркі әлемі 2040» стратегиялық бағдарламасы. Осы бағдарламада Түркі кеңесі аясында жасалатын ынтымақтастықтың барлық шаралары қамтылған. Сондай-ақ 2021-2026 жылдарға арналған жоспар да бар. Бұлар негізгі құжат десе болады. Соны ертең түркі мемлекеттерінің басшылары осы саммитте қабылдайды деп күтіліп отыр.
Сондай-ақ түркі елдеріне ортақ арнайы инвестициялық қор құрылады. Ондағы қаржы бауырлас елдер бір-бірін қолдап, экономикалық ортақ жобаларды бірлесіп іске асыру үшін қажет.
Айта кетейік, Гурбангулы Бердімұхаметов бастаған түрікмен делегациясы ынтымақтастық саммитіне алғаш рет қатысады. Бұл алдағы уақытта кеңестің керегесі кеңейе түседі деген сөз. Әрі сарапшылар бұл ұйымның халықаралық аренадағы саяси салмағын арттыра түсетінін айтып отыр. Десе де, нақты шешімдер ертең қабылданады. Қазір түбі бір түркі елдерінің басшылары Ыстамбұлға жиналып жатыр.
Досжан Маратұлы, тілші:Осыдан екі сағат бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың борты да Ататүрік әуежайына келіп қонды. Үш сағаттық уақыт айырмашылығына қарамастан Президент жұмысқа кірісіп кетті. Қазір ел басшысы Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреевпен кездесіп, ертеңгі саммит жайын талқылап жатыр.
Досжан Маратұлы