Шардара қаласында 450-ге тарта бала ескі ғимаратта оқуға мәжбүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардара қаласында 450-ге тарта бала ескі ғимаратта оқуға мәжбүр

11.11.2021

Түркістан облысы Шардара қаласында 450-ге тарта бала Кеңес одағы кезіндегі құрылыс бригадаларының кеңсесі болған ескі ғимаратта оқуға мәжбүр. Оның өзі Арыс-Шардара жолының екі бетінде орналасқан. Оларда спорт залы да, асханасы да жоқ. Жылу жүйесіне қосылмаған. Өңірдегі тілшіміз Айнұр Ақбаева өркениет көшінен қалып қойған мектептің бүгінгі жағдайымен танысып қайтты.

Бұл - Шардара қаласындағы орта мектептердің бірі. 250 балаға лайықталған ғимаратта 450-ге тарта оқушы білім алады. Сынып бөлмелеріндегі жиһаздар да, едендері де әбден тозған. Іші шағын пештермен жылытылады. Дәлізде мүлде жылу жоқ.

Айнұр Ынтықбаева, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары: 
Балалар Шардара-Арыс трассасының бойында орналасқан екі ғимаратта бөлініп оқиды. Біздің ғимаратта асхана жоқ. Жылу іштен жанады. Су жүйесі жүргізілмеген. Іште әжетхана қарастырылмаған.

Ескі мектепке тіпті көрші ауылдардан кеп оқиды. Сондықтан кабинет жетпей, іс-шаралар да, дене шынықтыру пәндері де сыныптарда өтеді деп отыр.

Талғат Айтбаев, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі: 
Дене шынықтыру сабағын қазіргі қысқы мезгілде сыныптарда өткіземіз. Ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтан, шахмат ойнап, сабақ өткіземіз. Күн жылынған кезде далада өткізіледі.

Өзекті проблеманы ескерген жергілікті билік ескі мектептің жанынан жаңа ғимарат салып берді. Заман талабына сай бой көтерген нысанда қажетті пән кабинеттері де, асхана мен спорт залы да бар. Қазір іші жаңа жиһазбен толықтырылып, қажетті құрал-жабдықтар жеткізілуде. Салаға жауапты мамандар жаңа мектепке газ құбырлары тартылған соң, тапсырылатынын айтады.

Алмас Оспанов, Шардара аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы: 
Соңғы бес жылда бес мектептің құрылысы жүргізілді. Алдағы жылда білім саласына үш мектептің жұмыс жобасы дайын. Бюджетке қаржыландыруға өткізілген.

Ауданда келер жылы 600 орындық мектеп пен шаһардың орталығындағы білім ордасының жанынан 200 орындық қосымша ғимарат салынбақ. Ал Шардарадан шалғай орналасқан Ұзын ата ауылында 200 орындық жаңа білім ошағы бой көтермек.


Хабарламаларға жазылу