22-26 қараша аралығында «Қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуы мүддесіндегі әріптестіктің 30 жылдығы» мерейтойлық X Азаматтық форумы өтеді. Шара демократиялық процестерді дамыту, Қазақстанда БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарын іске асыру мәселелеріне, сондай-ақ социумның, мемлекет пен бизнестің оларға қол жеткізудегі негізгі міндеттеріне арналады.
Сондай-ақ, форум аясында 30-дан астам пікірталас алаңдары, сараптамалық талқылаулар, фасилитациялық және панельдік сессиялар ұйымдастырылады.
Шара қарсаңында және апта бойы министрлердің азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулері, әкімдердің өңірлердегі ҮЕҰ өкілдерімен кездесулері, шағын грант жобаларының таныстырылымы, сондай-ақ «ҮЕҰ сыйлығы» мен «Таңдау» сыйлығын салтанатты түрде тапсыру рәсімі ұйымдастырылады.
Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметтің айтуынша, форумның мазмұнды бағдарламасы азаматтық қоғамда туындаған барлық проблемалық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
Қазақстанның Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиева: «Біз азаматтық қоғамды дамытудың өзекті мәселелерін ескере отырып, тарихқа, бүгінге және болашаққа талдау жасағымыз келеді. X Азаматтық форумның мазмұнды бағдарламасы барлық қатысушыға мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ бірлескен кооперациясының жүйелі мәселелері мен шешімдері туралы айтуға мүмкіндік береді».
Сондай-ақ, брифинг спикерлері санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау қажеттілігін ескере отырып, форум оффлайн және онлайн - гибридті форматта өтетінін айтты. Мысалы, Алматыда өтетін іс-шараларға 150 делегат қатысады. Сонымен қатар, іс-шараларды өткізу мүмкіндіктері мен онлайн-форматының арқасында X Азаматтық форум жұмысына Қазақстанның түкпір-түкпірінен ҮЕҰ, мемлекеттік органдар, сарапшылар қоғамдастығы мен БАҚ-тың 20.000-нан астам өкілдері қатысады деп күтілуде.