Оралда Тәуелсіздіктің мерейтойына орай «30 жылдыққа – 30 жұлдызды күн» атты іс-шаралар шеруі басталды. Бір айлық акция мемлекеттік рәміздер туралы танымдық шарамен ашылды. Жастарға Тәуелсіздіктің басты нышаны - Әнұран, Ту, Елтаңбаның қадір-қасиеті насихатталды. Бір ай бойына шаһарда жаңа әлеуметтік нысандар ашылып, ұлттық ойындар, бұқаралық спорттық шаралар ұйымдастырылады. Егемендік және Желтоқсан оқиғасына арналған қойылымдар сахналанады. Мерекелік шаралар тек шаһар емес, қала іргесіндегі кенттерде де өтеді.
Мирболат Нұржанов, қала әкімінің орынбасары:
Әр сала бойынша және әр жас бойынша қамтуға тырыстық. 30 жылда жеткен жетістіктерді көрсету, осы жылдары жұмыс істеген адамдармен жастарға кездесу ұйымдастыру, ұрпақтар сабақтастығын көрсету, 30 жылда қандай шаралар болды, қазір қандай жағдайға жетті деген сияқты үлкен шаралар басталады.