Түркістан облысында 5 мыңға жуық халық әлі жарықсыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 5 мыңға жуық халық әлі жарықсыз отыр

18.11.2021

Түркістан облысында ақтүтек боран басылғанымен,  бірқатар елдімекен әлі жарықсыз отыр. Желдің күшті болғаны соншалық, кеше 55 ауыл электр қуатынсыз қалған болатын. Қазір осы өңірдегі тілшіміз Айнұр Ақбаева бізбен тікелей байланысқа шықты. Айнұр, бүгінгі жағдай қалай? Жолдар ашылды ма?

Айнұр Ақбаева, тілші: 
Кешегі қолайсыз ауа райы түркістандық тұрғындарды біраз әбігерге салды. Дегенмен бүгін күн жылына бастады. Кешегі бораннан кейін Түркістан қаласы мен 22 елдімекендегі 5 мыңға жуық халық әлі жарықсыз отыр. Электр желілерін жөндеуге жарық беруші мекеменің 10 бригадасы мен 11 техникасы, 43 қызметкері жұмылдырылған. Ал республикалық маңызы бар жолдар бүгін толықтай ашылды. Көліктер жүріп жатыр.
Айнұр Ақбаева, тілші: 
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері брифинг өткізді. Олар кешегі боранда жарақат алғандар мен зардап шеккендер жоқ екенін айтады. Дегенмен таулы аудандарда көліктері қар құрсауында қалып, жүре алмай қалған жүргізушілерге көмек көрсетілген. Сондай-ақ, Түлкібас ауданындағы Машат тау шатқалында 46 жүк көлігінің жолаушылары сол маңдағы дәмханаға орналастырылған. Бұдан бөлек, Шақпақ асуында қалған 30-ға тарта жүк көлігінің жүргізушілері мен жолаушыларына да тиісті көмек көрсетіліп, олар қайта жолға шыққан. 

 Айнұр Ақбаева

Түркістан дауыл

Хабарламаларға жазылу