Маңғыстау облысындағы экзотикалық құс өсіретін ферма 5 жылдан бері жылусыз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Маңғыстау облысындағы экзотикалық құс өсіретін ферма 5 жылдан бері жылусыз отыр

18.11.2021

Маңғыстау облысындағы экзотикалық құс өсіретін жалғыз ферма 5 жылдан бері жылусыз отыр. Себебі шаруалыққа газ құбыры жүргізілмеген. Жергілікті әкімдік жақын маңдағы құбырдан әлдеқашан газ тартып береміз деген. Бірақ нәтиже жоқ.

Аягөз Оралбайқызы, тілші: 
Шаруашылықтағы ерекше құстардың бірі - түйеқұс. Мұнда оның африкалық және австралиялық екі түрі бар. Міне, мынау - африкалық түйеқұстар. Олардың биіктігі - 2,5 м, салмағы 150 келіге дейін жетеді. Шаруашылық иесі осыдан 5 жыл бұрын түйеқұстың 4-еуін Ресейден әкелген, бүгінде олардың саны 40-қа жетті. 

«Экзотикалық құстар әлемі» деп аталатын ферма Ақтаудан 16 шақырым жердегі Мұнайлы ауданының аумағында орналасқан. Мұнда 8 мыңға жуық 40 түрлі құс бар. Оның жартысы - экзотикалық. Тауық, үйрек, қырғауыл, бөдененің еті мен жұмыртқасын сатып отыр. Былтыр ай сайын дүкендерге 3 мың тауық, 700 қаз тапсырған. Өнім жыл сайын артып келеді. Алайда өндірісті ұлғайтуға жылудың жоқтығы кедергі.

Бекен Қаржаубаев, кәсіпкер: 
Алдыңғы жылы қыс тез түсіп кеткен кезде іштегі құстар бейімделіп үлгермей тоңды. Сөйтіп көп қырылды. Газ болса, қора жылы болса, су қатпайды.

 Әкімдіктегілер шаруашылық әрі кетсе көктемге дейін газбен қамтылады деп отыр. Қазір 2 жолы қарастырылуда. Біріншісі - көрші әскери бөлімнен фермаға құбыр тарту арқылы. Екіншісі - шаруашылықты жағажайға жүргізіліп жатқан құбырға қосу.

Нұрбек Қарасаев, Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары: 
Бірінші желі бойынша әскери бөлім арқылы алатын желіден мөлшерін көбейту керек. Бұл да облыстық газ аймақтың еншісінде, біз ұсынысымызды бердік. Қазір шешім қабылдап жатыр.

Кәсіпкер бірнеше жылыжай да салып қойған, бірақ жылудың жоқтығынан іске қосылмай тұр. Ал жазда судың тапшылығынан 10 гектар жерге егілген шөбі күйіп кеткен. 

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу