Алматыдағы орталық архивте 1,5 млн құнды дерек сақтаулы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыдағы орталық архивте 1,5 млн құнды дерек сақтаулы

19.11.2021

Алматыдағы мемлекеттік орталық архивте XVI ғасырдан бергі тарихи деректер сақтаулы. Қазір мемлекет қолдауымен барлық құнды қағазды цифрландыру қолға алынды. Құрылғанына бір ғасыр толған орталыққа әріптесім Қуан Нұрақын барып қайтты.

Қуан Нұрақын, тілші: 
Қазір орталық мемлекеттік мұрағатында бір жарым миллионға жуық құнды заттар сақталған. Мәселен, менің қолымдағы мына құжат хан Кенесары Қасымұлының қол жазбасы. Хат 1842 жылы жазылған. Түпнұсқа.

Хат 1842 жылы Орынбор шекара комиссиясының төрағасы Генске жазылған. Қағазда сұлтандар Күнжан Көшеков пен Нұрхан Сәмековтың Орынбордан аман-есен оралғаны баяндалған. Жазба Кенесары ханның өз қолымен жазылып, астына мөрі қойылған. Енді осындай барлық құнды дерек цифрлық жүйеге көшеді.

Сәбит Шілдебай, «Орталық мемлекеттік архив» РММ директоры:
 «Архив 2020-2025» мемлекеттік бағдарламасының негізінде дайындалған жоспардың аясында биыл бізге мемлекет тарапынан үлкен лабораториялар, үлкен сканер аппаратттар беріліп отыр. 

Мұрағатта Жәңгір ханнан бастап, Исатай, Махамбет, Сұраншы және Саурық батырларға қатысты құжаттар сақтаулы. Одан бөлек кеңестік кезеңдегі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің де жеке деректері бар. Қазір қордағы құнды дүниелерді топтастыру мақсатында мемлекет қолдауымен «е-Архив» жобасы қолға алынды.

Нұрғиса Дәуешов, ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары: 
Бұл еліміздегі бүкіл архив саласын әлемдік кеңістікке шығаруға бірден-бір жоба. Қолданушыларға берілетін үлкен мүмкіндік. Одан қала берді архив қызметкерлерінің алдағы уақытта үш жылға 20 пайыздан өсіру бойынша да Президентіміз тапсырма берген болатын. 

Биыл орталық мемлекеттік архивтің құрылғанына 100 жыл толуына орай ескерткіш тақта ашылды. Қастерлі қазына ордасына айналған ұжымды Мемлекет басшысы құттықтады. Шарада архив саласының қызметкерлері мен ардагерлері арнайы төсбелгімен марапатталды. Сондай-ақ мерейтойға арнайы дайындалған деректі фильм көрсетіліп, арты концерттік бағдарламаға жалғасты. 

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу