Түркістан және Жамбыл облыстарында дауылдан кейінгі шығын әлі толық есептеліп болмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан және Жамбыл облыстарында дауылдан кейінгі шығын әлі толық есептеліп болмаған

21.11.2021

Осы аптада Ақмола облысы Шортанды кентінде бір барак типті үйде газ баллоны жарылып, 3 адам тіл тартпай кеткен. 10 адамды күйік шалған. 5 -еуі бала. Олар ауруханаға жеткізілген. Соның бірі - 13 жастағы жеткіншек Нұр-Сұлтандағы ауруханада көз жұмыпты. Облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.

Екібастұздағы ГРЭС-1-дің 2 блогы авариялық жағдайда тоқтатылды. Нәтижесінде ірі электр станцияның қуаты 1000 мВт-қа төмендеген. Бұл мәліметті электр энергиясын таратушы ұлттық оператор - KEGOC таратты. Иә, компания елде энергия тапшылығының тым жылдам тереңдеп жатқанын айтады, өткен бағдарламада тоқталдық. Тіпті өндірістік кәсіпорындарға энергия тұтыну бойынша шектеу қойып тастауы да мүмкін екенін хабарлады. Қай тұтынушыларға берілетін энергия көлемі қысқартылатынын жергілікті атқарушы органдар шешеді. Сонымен бірге осы аптада еліміздің оңтүстігінде 200-ге тарта елдімекен алапат дауылдың кесірінен электр жарығынсыз қалды. Өкінішке қарай, Жамбыл облысында 17 жастағы бозбала көз жұмды. Түркістан және Жамбыл облыстарында қираған үйлерді қалпына келтіру және үзілген электр желілерін жалғау жұмыстары жүргізіліп жатыр деп ақпар берді әкімдіктер. Шығын әлі толық есептеліп болмаған.

Бүгін облыстық әкімдіктерге хабарласқанбыз, Түркістан облысының әкімдігі жарық сөнген жерлердің барлығына тоқ берілді деді, ал Жамбыл облысының әкімдігі жарықсыз отырған жерлер бар екенін жеткізді.


Хабарламаларға жазылу