Осыдан он жыл бұрын Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы «Мәдени мұра» бағдарламасын жасауды тапсырып, осы бағдарламаның шеңберінде Қазақстандағы барлық тарихи-мәдени ескерткіштерді реставрациядан өткізіп, қазақтың бай фольклорлық мұрасын жинақтап, жүйелеп, басып шығаруды тапсырған болатын. Бағдарламаның шеңберінде қазақтың 1000 күйі, 1000 әні сияқты ауқымды жобалар жүзеге асты. Енді міне, қазақтың ауыз әдебиетінің 100 томдық інжу-маржандары жинақталып, халқымызға жол тартып отыр. Бұл қазақ халқының бай фольклорын зерттеуге ұмтылыс жасаған жастарға, жас ғалымдарға жаңа мүмкіндіктер туғызады, деп нық сеніммен айта аламын.
Қазақтың фольклорлық мұрасы 18 ғасырдың аяқ кезінен бастап жинақтала бастады. 19 ғасырда жекелеген еңбектер Уфа, Қазан, Мәскеу мен Петерборда басылып шықты. Ал, бұл жолғы топтаманың алғашқы томы 2004 жылы жарық көрсе, соңғы томы өткен жылдың желтоқсан айында басылған. Ғылыми шығармашылық топқа белгілі ғалым Сейіт Қасқабасов жетекшілік етті.
Сейіт Қасқабасов, академик, филология ғылымының докторы, профессор:
Баспа редакторы ретінде оның барлығын түгел оқып шықтым. Ғалымдардың жанкешті еңбегі бұл. Өйткені сарғайып көнерген жыртылған қолжазбаларды шұқшиып оқып, ондағы араб, латын әрпіндегі кириллицаға аудару үлкен еңбекті талап етеді.
Дүние жүзінде фольклоры жүз томды құрайтын ұлттар көп болғанымен, оны жүз том етіп бастырып шығарғандары аз. Жинақты құрастырушылар алдағы уақытта топтаманың электронды нұсқасы шығатынын айтып отыр.
Шынар АСАНҚЫЗЫ
<div justify;\\\\\\\"="">