Елімізде ай сайын 12-13 үкіметтік емес ұйым құрылады. Қазақстанның 10-шы Азаматтық форумының ашылуында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева осылай деді. Үкіметтік емес ұйымды ашып, тіркеу мерзімі 7-10 күнге қысқартылған. 2003 жылдан бастап, елдегі азаматтық қоғам қалыптасқан. Содан бері Азаматтық форум тұрақты түрде өткізіліп келеді. Осы жылдар ішінде Азаматтық форум алаңдарында 500-ден астам ұсыныс әзірленіп, оларды мемлекеттік органдар іске асыруға міндеттелді. Осының арқасында, бүкіл ТМД кеңістігінде үкіметтік емес сектор саласындағы ең ілгері заңнамалық және әдістемелік базалардың бірі жасақталды. Азаматтық форум жалпыұлттық сипатқа ие. Елімізде 6 саяси партия, 23 мыңға жуық үкіметтік емес ұйым, 3738 діни бірлестік бар. Ол халық пен билік арасындағы кері байланыстың тиімді механизміне айналды. Форум Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 5 күн бойы онлайн да, офлайн форматта да өтеді.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Биылғы жылдың тарихи мәні де, саяси мазмұны да біз үшін ерекше. Егеменді ел үшін де 30 жылдың мерейлі межесін табысты бағындырып отырмыз. Ол біз үшін өткенге есеп беріп, бүгінімізді таразылып, ертеңімізді бағамдайтын кезең. Ал, ел Тәуелсіздігінің жетістігін азаматтық секторсыз елестету мүмкін емес.
Ғабит Бөкенбай