Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясындағы өкілеттігін Президентке тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясындағы өкілеттігін Президентке тапсырды

23.11.2021

Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының төрағасы өкілеттігін президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Бұл туралы тұңғыш Президент саяси кеңестің кеңейтілген отырысында айтты. Елбасының сөзінше партияны Президент басқаруы тиіс. Және «Nur Otan» Президенттің басты тірегі болуы керек деді. Дегенмен Нұрсұлтан Назарбаев уақытша партия төрағасы лауазымын атқара береді. Себебі саяси ұйымның көшбасшысын сайлау үшін партия съезі өтуі керек.

«Nur Otan» партиясының қалыптасу және даму тарихы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Оның тікелей басшылығымен партия еліміздің жетекші саяси күші болды. 23 жылға жуық уақытта саяси ұйымның бір ғана төрағасы, мызғымас көшбасшысы Елбасы болды. Енді төрағалық міндеті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктеледі. Бұл билік транзитінің қисынды жалғасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы: 
Мен партия құрылар кезінде басы-қасында болдым. Ұзақ жылдар бойы оны басқардым. «Nur Otan» партиясын еліміздің саясаты мен стратегиясын айқындайтын ел Президенті басқарғаны маңызды деп білемін. Мұны партия Жарғысының негізінде шешуіміз керек. Бұл біздің бірлігімізді көрсету үшін жасалған маңызды қадам.
Елбасы «Nur Otan»  партиясы мемлекеттіміздің тұрақтылғына негіз болар мызғымас іргетас болуы керек екенін атап өтті. Ол үшін тұрақты түрде даму қажет. Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, нақты шешімдер ұсынуы тиіс деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы: 
Осы жылдар ішінде қалыптасқан көппартиялық жүйе елдігіміздің тірегіне айналды. Бұл орайда «Nur Otan» партиясының саяси салмағы басым екені анық. Біз еліміздің партиялық-саяси жүйесін біртіндеп әрі жан-жақты саралай отырып дамыттық. Барлық бастамаларымыз сияқты бұл мәселеге де ішкі дайындықпен келдік. Жүйесіз реформалар халықтың демократияға деген сенімін жоғалтып, түрлі шиеленістер тудырған және территориядан айырған жағдайлар тарихта аз емес. Тәуелсіздікті сақтау және мемлекеттілікті нығайту – біздің болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз. Сондықтан «Nur Otan» партиясы тұрақтылық пен татулыққа, әлеуметтік-экономикалық прагматизмге, орнықты дамуға негізделген және тұтас қоғамның мүддесіне сай келетін саясат жүргізуде.
Қазақстан тәуелсіздігінің төртінші он жылдығына қадам басқалы жатыр. Еліміз дамудың жаңа кезеңінің алдында тұр. Осы орайда Нұрсұлтан Назарбаев «Елдіктің жеті тұғырын» жария етті. Бұл қазақстандықтар үшін негізгі бағыт-бағдарға айналуы қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы: 
Бұл – отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар үндеуім деп қабылдаңыздар. Бірінші. Тәуелсіздік – кез-келген азамат үшін ең қастерлі құндылық. Тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, мемлекеттілігімізді қадірлеу, оны көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті. Еселі еңбекке арналған отыз жыл ұлт тарихында алтын әріппен жазылары анық. Әлемде көлемі жағынан 9-шы орын алатын байтақ атырапты еншілеу Жаратқанның халқымызға берген баға жетпес несібесі деп білеміз. Қазақтың барша арман-мақсатының орындалуы тек Тәуелсіз мемлекет, дербес ұлт жағдайында ғана мүмкін екенін ұмытпауымыз керек.
Елбасы жұмысты ширатып, қойылған міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындауға баса назар аудару қажеттігін айтты. Жаһандану кезеңінде еліміздің алдында жаңа сын-қатерлер де шығып жатыр.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы: 
Қазақстан тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына өтіп барады. Бұл үлкен өзгерістердің, маңызды шешімдердің дәуірі. Қазір коронавирус пандемиясы бой берер емес. Түрлі өзгерістер болып жатыр. Бұған ақпараттық технологиялар мен жасыл энергетиканы жылдам енгізу мәселесі де әсер етуде.
Нұрсұлтан Назарбаев тек елімізге ғана емес тұтас жер-жиханға төніп тұрған қауіп-қатерлерді де атап өтті. Жаңа пандемиялармен күрес, экологиялық ахуалдың нашарлауы, жаһандық жылыну, геосаяси ахуалдың ушығуы мен радикализм. Бұл проблемалар әлем елдерін әбігерге салуы әбден мүмкін. Осы тұста Қазақстан халқы үшін бір жұдырықтай жұмыла білу қажет.
Нұрсұлтан Назарбаев,  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы: 
Жаһандық тұрақсыздық ұзаққа созылуы мүмкін. Сондықтан «Сынақтардан өтіп, барлығын бірге жеңеміз» деген  «Nur Otan» партиясының ұраны өзінің қажеттігін жоймайды. Осы ретте мынаны ерекше айтқым келеді. Біз қашанда халықтың мүддесіне сай келетін позияцияны таңдауымыз керек. Ешкімді бөліп жармай, біріктіруіміз керек.
30 жылда еліміздің жеткен жетістіктері де аз емес. Бұл ең әуелі жүйелі жұмыстар мен батыл реформалардың жемісі. Сындарлы бағыттағы жұмысты жалғастыру үшін әуелі билік партиясының жұмысы белсенді болуы керек. Елбасы «нұротандықтардың» алдына осындай міндет қойды.

Шерхан Жамбылұлы 

Хабарламаларға жазылу