Оңтүстік Кореяда коронавирус қайта өршіді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Кореяда коронавирус қайта өршіді

24.11.2021

Оңтүстік Кореяда соңғы тәулікте 4116 адам коронавирус жұқтырған. Бұл - рекордтық көрсеткіш. Күллі ел аумағында аурухананың жансақтау бөлімінде орындар 69 пайызға, ал ел астанасы Сеулде 83 пайызға толған. Денсаулық сақтау өкілдері ауруханаларды қосымша төсек-орындармен жабдықтауды шұғыл қолға алды. Оңтүстік Кореяда пандемия басталғалы бері 425 мыңнан аса адам коронавирус жұқтырып, індеттен 3 мың жарымға жуығы қайтыс болған.

Ал, Еуропа мен Азияның кейбір бөліктерінде наурыз айына таман коронавирус 700 мың адамның өмірін қиюы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осыны ескертіп отыр. Қазір Қарт құрлықта вирус қайта өршіді. Осыған орай Австрияға локдаун оралуы мүмкін. Ал, Франция, Германия мен Грекияда толық вакцина салдырған азаматтарға екпенің үшінші дозасын алу міндетті болмақ. Бұған қарамастан, Еуропаның кей елдерінде шектеу шараларын енгізуге қарсы шерулер өтіп жатыр. Мысалы, Нидерландыда жартылай локдаунға қарсы тұрғындар бұған дейін бірнеше түн қатарынан тәртіпсіздіктер ұйымдастырды.


Хабарламаларға жазылу