Түркия астанасы Анкара мен елдің ең ірі қаласы Ыстамбұлда лираның құнсыздануы мен қымбатшылыққа наразы халық көшеге шықты. Кеше түнде қолдарына қазан-табақ ұстаған ондаған адам үкімет отставкасын талап етіп шерулетті. Заңсыз шерушілерді тоқтату үшін полиция тартылды.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Қазір Түркияда жағдай тұрақты. Кеше түнде Анкараның Чанкая және Ыстамбұлдың Кадыкөй шағын аудандарында үкіметтің отставкаға кетуін талап етіп, ереуілге шыққан тұрғындар көп ұзамай таратылды. Тұтқындалған немесе жараланған ешкім жоқ. Халықтың наразылығына себеп болған түрік лирасының күрт құлдырауы еді. Қазір валюта айырбастау орындарында 1 доллар 13 лирадан сатылып жатыр. Бұл соңғы 20 жылда болмаған жағдай. Бұған дүйсенбі күні орталық банктің пайыздық мөлшерлемені 16 дан 15 ке түсіруі себеп болған еді.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Алайда ел президенті Режеп Тайып Ердоған біз пайыздық мөлшерлемені түсіру саясатынан бас тартпаймыз. Валюта бағамына қатысты ойындармен соңына дейін күресеміз деп мәлімдеді. Елде қазір баға шарықтап барады. Азық түлік пен өзге де халық тұтынатын тауарлардың бағасы күн сайын өсіп жатыр. Ел үкіметі біз инфляцияны тоқтату жоспарын әзірледік, баға жақында тұрақталады деп халықты сабырға шақырды. Еске салайық жыл басынан бері түрік лирасының бағамы 45 пайызға дейін құлдырап, әлемдегі ең әлсіз валюталардың қатарына енді.