ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Ақтөбе облысындағы екі ауылға табиғи газ келді. Осылайша, Мәртөк ауданына қарасты Вознесеновка және Достық елдімекендеріндегі 1300 тұрғын отын тасып, күл шығарудың бейнетінен құтылды. Ауылдағы ағайынның қуанышын әріптесім Жақсыбек Кемал бөлісті.
Вознесеновка ауылы тұрғындары үшін бүгін ерекше күн.148 түтіні бар елдімекен көптен күткен көгілдір отынға қосылды. Халық осы уақытқа дейін тезек пен ағаш жағып келді. Ал, көмір сатып алуға екінің бірінің қолы жете бермейтін.
Оксана Марченко, ауыл тұрғыны:
Осы уақытқа дейін көмір мен ағаш жағып келдік. Ол оңай емес. Өзім осы ауылға 20 жыл бұрын Ақтөбеден көшіп келдім.Міне, енді ауылда да қаладағыдай барлық жағдай бар.
Бүгін Достық ауылындағы 112 үйдің тұрғындары да көгілдір отынның игілігін көре бастады. 40 жыл бойы отын кіргізіп, күл шығарумен әлек болған ауыл адамдары қиындықтың бәрі артта қалды деп есептейді.
Алтынай Искарина, Достық ауылының тұрғыны:
«Көміріміз қымбат болды, оны да ала алмадық. Қазір бәріміз, бүкіл ауыл болып қуанып жатырмыз. Қуанышымызда шек жоқ.«ҚазТрансГазАймаққа» алғысымыз шексіз, екі айдың ішінде жұмысты тез арада бітіріп, нақты, бәрін қосып берді.
Екі елді мекенге дейінгі газ желісінің ұзындығы 48 шақырымға жуық. Бұл жұмыстар «ҚазТрансГазАймақ» Акционерлік қоғамының инвестициялық жобасы аясында жүзеге асырылды.
Әсет Абиляшев,«ҚазТрансГазАймақ» АҚ Ақтөбе өндірістік филиалының директоры:
Құрылыс жұмыстары 25-інші қыркүйекте басталды. Міне бүгін ол жұмыстар мәресіне жетіп, ауыл тұрғындарын қуантып жатырмыз. Осы елдімекен тұрғындарына газ пайдалану кезіндегі қауіпсіздік ережелерін сақтау керек екендігін естеріне саламыз.
Қазірге дейін Ұлттық оператор ҚазТрансГаз өңірдің барлық аудан орталықтарын газдандырып болды. Бүгінде облыс халқының 92 пайыздан астамы көгілдір отынның игілігін көріп отыр.
Жаксыбек Кемал