Тәуелсіздік алғалы Маңғыстау облысына 7 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәуелсіздік алғалы Маңғыстау облысына 7 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды

25.11.2021

Биыл Маңғыстауда қуаңшылық салдарынан 1200-ден астам мал қырылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтің сөзінше зардап шеккен шаруаларға дер кезінде көмек көрсетілді. Бүгін баспасөз алаңында есеп берген өңір басшысы мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.

Ауа райының қолайсыздығы мен жауын шашынның аз болуы маңғыстаулық шаруаларды әбден әбігерге салғаны белгілі. Қуаңшылық қысқан қиын кезеңде мал иелерінің мәселесі назардан тыс қалған жоқ. Үкіметтен 1,9 млрд теңге бөлініп, шаруалар шығыны өтелді. Жазда әуре-сарсаңға түскен мал иелері қыста таршылық көрмейді-дейді өңір басшысы.

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі: 
Маңғыстау облысында қысқы мал азығының қорын қалыптастыру үшін 77 мың тонна шөп пен 53 мың тонна жем қажет. Бүгінде өңірге 70 мың тонна шөп пен 41 мың тонна жем тасымалданды. Барлық ауданда жем-шөп жинау базалары жасақталды. Мал азығын сатпы алу бойынша 1 млрд 900 млн теңге бөлінген. Яғни, ірі қараға 9200, ұсақ малға 1900 теңге өтемақы берілді.

Ал улы көл аталып кеткен Маңғыстаудағы «Қошқар-Ата» қалдықтар қоймасы қайта қалпына келтіріледі. Айналасына сексеуіл егіліп, жасыл қорғаныш аймағы құру жоспарланып отыр. Өңірдегі өзекті мәселелердің бірі – су тапшылығы. Әсіресе, ауылды жердегі тұрғындар тіршілік нәріне зәру. Облыс әкімі 2025 жылға дейін жалпы қуаты 286 мың текше метр суды тұшытатын 9 жобаны іске асырып жатқанын айтты.

Нұрлан Ноғаев, Маңғыстау облысының әкімі:
Өткен жылы 92 пайыз болса, биыл 96,2 пайызға жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Қазір жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Тәуелсіздік алған 30 жылда өңірде әр салада өсім бар. 30 жылда 7 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. 2957 шақырым автожол салынды. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 4 есе артып, 55 мыңға жетті. Сонымен қатар, 350 білім беру нысаны, 63 денсаулық сақтау нысаны, 693 спорт кешені мен алаңдар, 35 мәдениет ошағы ел игілігіне берілді. Халық саны 2,2 есе өсіп, 735 мың адамға дейін жетті. 30 жыл бұрын 14,2 млн. тонна қара алтын өндірілсе, 2021 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 16,8 млн. тоннаға дейін жеткізу көзделген.

Раушан Сайлауқызы, тілші: 
Облысты Әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуға арналған 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленген. Осы бағдарламаға сәйкес алдағы бес жылда облыстың жалпы ішкі өнім көлемін 4,1 трлн. теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Сондай-ақ туристер санын 750 мыңға дейін жеткізу, 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру, халықтың нақты табысын көбейте отырып, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту міндеті тұр, дейді өңір басшысы.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу