Португалияда коронавирус өршіп, шектеу шаралары қайта күшейтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Португалияда коронавирус өршіп, шектеу шаралары қайта күшейтілді

26.11.2021

Португалияда коронавирусқа шалдыққандар саны артып, шектеу шаралары қайта күшейтілді. Соңғы 24 сағатта 3 мың 200-ге жуық адам індет жұқтырған. Осыған орай желтоқсанның бірінен бастап жаңа ережелер күшіне енеді. Толық вакцинасы бар адамдар түнгі клубқа, мейрамханаға, ауқымды шаралар мен қонақүйлерге кіру үшін теріс нәтижелі ПТР-тестін көрсетуі тиіс.

Бұған қоса қаңтардың алғашқы апталарында қызметкерлер қашықтан жұмыс істеуге көшеді. Ал мектептерде сабақ каникулдан кейін әдеттегіден бір апта кеш басталады. Сондай-ақ елге кіру үшін барлық ұшақ жолаушылары коронавирус жоқ екенін дәлелдейтін куәлік көрсету тиіс.

Ал мұндай құжаты жоқ адамдарды бортына мінгізген әуе компаниялары 20 мың еуро айыппұл төлеуге міндеттеледі. Билік ковидтің өршуін тоқтату үшін қаңтардың соңына қарай тұрғындарға қосымша вакцина салдыру науқанын бастамақ.


Хабарламаларға жазылу