Мобильді аударымдарға қатысты заң жобасы мақұлданғалы халық наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мобильді аударымдарға қатысты заң жобасы мақұлданғалы халық наразы

29.11.2021

Мобильді аударымдарға қатысты заң жобасы мақұлданғалы жұрт даурығып жатыр. Әсіресе саудагерлер мен қызмет көрсету саласы. Онлайн төлемге әбден үйренген бизнес орта енді заң қолданысқа енгенде қандай күй кешеді? Ал сарапшылар салықты ашық көрсету бұл алдымен кәсіпкерлердің өзі үшін маңызды дейді. Дегенмен табан асты қолма-қол ақша алуға көшіп кеткен кәсіп иелері де бар.

Онлайн төлемнен бас тартып жатқан әуелі - таксистер. Олар адам тасып, тапқан аз табыстан салық ұстағанын қаламаймыз дейді. Заң күшіне енбей тұрып естері кетуінің себебі осы. Жалпы, мобильді аударымдар туралы құжат мақұлданғалы банкомат жағалаған адам көбейген. Дегенмен сала министрлігі нақты кірістерді көрсетуге шақырып және оған салынатын салықтың жеңілдетілгенін айтады.

Әлібек Әбділов, ҚР Қаржы министрлігінің ресми өкілі:

Кәсіпкерлерге салық салу мүмкіндігінше жеңілдетілген. Такси жүргізушілері патент негізінде арнайы салық режимін қолдана алады, ол бойынша мөлшерлеме жалпы кірістің тек 1%-ын құрайды. Мысалы, егер кіріс 300 мың теңгені құраса, онда салық айына бар болғаны 3 мың теңге болады.

Бірақ сол 1 пайыз қымбатшылықпен ақ өтеліп жатыр дейді таксистер.

Таксист:

Бензин бағасын өсірді, газды өсірді. Соның ішінде ғой бүкіл патенті, 1 проценті де барлығы соның ішінде.

Сауда және қызмет көрсету – кәсіпкерлікке жатады. Демек түсімнен бюджет те толуы тиіс. Ал онлайн аударымдардан еш алым жоқ. Сондықтан мәселені заң тұрғысынан реттеу үшін «мобильді төлемдер» түсінігі енгізілді. Қысқаша мазмұны мынадай.

Айнұр Сартаева, ҚР Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:

Адал салық төлеуші оның тәуекел деңгейі төмен болады, арасында жалтарып жүретін кісінікі орташа болады, үнемі жалтарып жүретіндікі жоғары болады. Яғни ол тәуекелі жоғары адамның, кәсіпкердің оған сәйкесінше сұрақ көбірек туындайды.

Демек үнемі ақша аударылатын есепшот иесі күдікке ілініп, тексеріледі. Қазір қаржы органдары мен банктер арасында табысын жасыратындарды анықтау технологиясы жасалып жатыр. Бизнеске арнап жеке шот ашылуы мүмкін. Тұтынушылар сонда жібереді. Ал жеке адамдар арасындағы онлайн аударымдарға қатысты дау жоқ. Сарапшылар заң жобасын салықтық эволюция ретінде дамыған мемлекеттерде бұрынан барын айтады. Оның үстіне бұл жаңа немесе қосымша салық түрі емес. Бұл көлеңкелі бизнеспен күрес үшін.

Алматы 

Мақсат Сералы, экономист:

Яғни сіз мемлекеттік көмек, жеңілдетілген несие алатын кезде бұл сізге үлкен  артықшылық. Өйткені сіз өзіңіздің табысыңызды дәлелдейтін құжат болады. Жеке кабинетіңізге кіру арқылы қанша табыс табасыз, айналымыңыз қанша бақылауға мүмкіндік береді.

Шағын-орта бизнеске 3 жылға мораторий жарияланғаны мәлім. Яғни, олардан табыс салығы алынбайды. Ал тыйымның мерзімі 2023 жылға дейін. Сондықтан жұртшылыққа қолайсыздық тудырып, қолма-қол ақы сұрамаса да болады.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу