Елдегі партиялық-саяси жүйенің жетістіктері мен келешегі талқыға салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елдегі партиялық-саяси жүйенің жетістіктері мен келешегі талқыға салынды

30.11.2021

«Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты екі күндік халықаралық форум басталды. «Nur Otan» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған шараға 15 елден 600-ден аса шетелдік және отандық сарапшылар қатысты.

30 жылда бейбітшілік пен келісім нығайды. Ядролық қарудан бас тартып, Семей полигоны жабылды. Жаңа астана бой көтерді. Ежелгі Түркістан қайта түледі. Мемлекеттік шекара бекітілді. Ұлттық қор құрылды. Әлеуметтік әрі экономикалық реформалар жасалды. Қыруар істі атқаруда қоғамдық-саяси институттардың ықпалы зор.

Бауыржан Байбек,  «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары: 
Біздің еліміз осы уақыт аралығында ғасырға татитын үлкен жолды жүріп өтті. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жете ойластырылған батыл реформалары қысқа уақыт ішінде халықты ұйыстырып, болашаққа деген үміт пен сенім ұялатты. Орнықты экономикасы бар табысты, бейбітсүйгіш мемлекет құруға мүмкіндік берді.

Екі жыл бұрын Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен партияны «қайта жаңғырту» қолға алынды. Алғаш рет праймериз өтіп, аймақтар үшін 216 сайлауалды бағдарлама жасалды. «Nur Otan»-ның мәжіліс пен мәслихат сайлауында айқын жеңіске жетуіне мүмкіндік берді. Биыл ауыл әкімдері сайлауында партия 80%-дан аса округте басым түсті. Саяси ұйым төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа беру туралы шешімі партиялық жүйедегі эволюцияның маңызды кезеңі деп бағаланды.

Дәурен Абаев, ҚР Президент әкімшілігі басшысының орынбасары:
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында өткенімізді бағамдап, болашағымызды саараптауда мұндай жиынның маңызы зор. «Nur Otan»  құрылған сәттен бастап көптеген маңызды экономикалық реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келе жатқан саяси күш. Партия даму жолында саяси сабақтастықпен ұстанып келеді.

Мемлекеттердің өзара тығыз қарым-қатынасына партиялар арасындағы ынтымақтастықтың ықпалы зор. Азиялық саяси партия өкілі Чо Бён Чжэ Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы жетістіктеріне тоқталып, Нұр отан халықаралық қатынастар локомотивтерінің бірі екенін атап өтті. Ресей, Қытай, АҚШ, Түркия мен Ұлыбританияның білікті сарапшылары партяи жұмысына жоғары баға беріп, Тұңғыш Президент күні және Тәуелсіздік мейрамымен құттықтады.

Сарапшылар сайлау жүйелерін дамыту, заманауи электоралдық трендтер турасында әлі де пікір алмасады. Сондай-ақ дәстүрлі және балама идеологиялардың келешегіне көз жүгіртпек. Ауқымды тақырыптар аясындағы талқылаулар бүгін де жалғасуда.

Нысаналы Ығыл


Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу