Қазақ киносының қоржыны 6 бірдей тарихи телехикаямен толығады. «Qazaqstan» Ұлттық арнасы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көрермендер назарына тағылымы мол туындыларды ұсынбақ. Дәл қазір «Қазмедиа» орталығында осы сериалдардың тұсаукесер рәсімі басталып жатыр. Оған әріптесім Шерхан Жамбылұлы да қатысуда. Қайырлы күн, Шерхан! Телесериалдар кімдер туралы болмақ?
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бүгін киносүйер қауым үшін үлкен мереке. Себебі алты бірдей телехикаяның тұсаукесері өтіп жатыр. Бұл қазақ телевизиясы мен киносының тарихындағы болмаған оқиға. Бір мезетте 6 бірдей телехикая. Ал бұл туындылардың көрерменге ұсынар тағылымы мол. Себебі мұнда ұлт тағдыры үшін күреске түскен ғұмырлар мен тау тұлғалардың өмірі, қилы тағдыры баяндалады. Мәселен, әйгілі Жәңгір хан, дана Домалақ ана, Алаш қайреткері Ахмет Байтұрсынұлы, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев, қазақ ғылымының атасы атанып кеткен Қаныш Сәтбаев сынды тұлғалар жайлы телехикаялар болмақ. Дәл қазір менің қасымда осы телехикаялардың бірі - «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясының басты рөлін сомдаған Байғали Есенәлиев мырза тұр. Байғали мырза, Ұлт ұстазы атанып кеткен Ахмет Байтұрсынұлының рөлін сомдау ауыр болмады ма?
Байғали Есенәлиев, актер:
Ауыр болмады деп айта алмаймын. Өзіндік қиындықтары болды. Себебі Ахметтің дәуірімен сөйлеуге, Ахметтің дәуірімен ойлануға тура келді. Ең бастысы Мұқағали, Ахмет, Жәңгір, Домалақ ана, Қаныш Сәтбаев, Тәшеневтер болсын бұлардың барлығының бойында елі үшін өзін түгелдей берген адамдар. Елім маған не берді деп емес, ел үшін мен не істей аламын деп өмір сүрген адамдар. Бұл фильм мені соған тәрбиеледі. Жасым 60-қа жақындап қалса да осы фильм барысында елім үшін мен не істедім деген сұрақты қоюмен болдым. Егер бүгінгі телехикаялар көрерменнің жүрегіне осы бір сауалды сіңіре алатын болса, «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ұлы бағдарламасының іске асқаны деп білемін.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Байғали мырза, телехикая барысында көрермендер қандай бұрын-соңды көпшілікке беймәлім деректерді көре алады?
Байғали Есенәлиев, актер:
Ахаңның ешқандай ақысыз, қолындағы қаржысымен 20 жылдан аса қазақтың әліпбиін жасап шығарғанының куәгері болатын. Осы жолдағы шеккен азаптары, 3 рет айдауда, 2 рет түрмеде болып, бірақ содан ешқандай рахат көрмесе де болашағым үшін деп өзін-өзі құрбан еткені халыққа мәлім болады. Бұл – бұрыннан білетін тарих болғанымен, соны бүге-шүгесіне дейін мәліметтермен, деректермен фильм барысында көрсетіледі.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Бүгін – премьера. Бүгін «Қазмедиа» орталығында үлкен мереке. Бұл телехикаяның премьерасына көпшіліктің тарапынан қызығушылық өте зор. Зиялы қауым өкілдері, депутаттар, министрлер барша қауым жиналған. Себебі мұндай тарихи телехикаялардың премьерасы алғаш рет болып жатыр. Айта кетейін, Ұлттық арна әр жыл сайын тағылымы мол тарихи телехикаяларға басымдық береді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында бұл бағыттағы жұмыстар еселене түсті. Әр телехикаяның орны бөлек. Мәселен, «Сарай сыры» телехикаясында Жәңгір ханның әйгілі Бөкей ордасының ханы соның қилы тағдыры, болмысы көрсетілмек. Бұл жерде осы сериалдардың басты кейіпкерлері сомдалған арнайы баннер қойылған. Дәл қазір басты рөлді сомдаған актерлар сұхбат беріп жатыр. «Сарай сыры» сериалында Бөкей ордасының ханы болған Жәңгір ханның шынайы болмысы көрсетілмек. Себебі кеңестік кезеңнің сұрқия саясатының салдарынан Жәңгір ханның образы көпшіліктің санасында жағымсыз болып қалған. Ал бұл телехикая арқылы көпшілік көрермен Жәңгір ханның шынайы болмысын, қазақ даласына әкелген батыс өркениетін игіліктерін ілім-ғылымға деген ұмтылысын барынша көре алады. «Qazaqstan» Ұлттық арнасында тарихи телехикаялардың керуені мұнымен тоқтап қалмайды. Себебі келер жылда осы бағыттағы жұмыстар жалғаспақ. Себебі Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев, Дина Нұрпейісова сынды тау тұлғалар туралы фильмдер, телехикаялар түсіру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романын экранизациялау жоспарлануда. Ұлттық арнада тарихи телехикаялардың керуені әрі қарай жалғасады.