Алматыға туристерді көбірек тарту үшін имиджін ілгерілету маңызды. Осылай деген қала әкімінің орынбасары Ілияс Өсеров брифинг барысында бұл бағытта жұмсалған қаржы туралы баяндады. Спикердің сөзінше, шет елдерде жарнама орналастыру арқылы миллиондаған адамның қызығушылығы артқан.
Алматы - туристер толассыз келетін әсем шаһар. Ілияс Өсеровтің айтуынща, әлемнің ең ірі қалалары – Доха, Инчхон, Мәскеу, Абу-Даби, Дубай және Гонконг әуежайларында имидждік бейнероликтерді көрсету үшін 143 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ бірнеше шаһардың метрополитенінде 114 млн теңгеге тақырыптық жарнама орналастырылған. Бұл шараның бәрі бекер емес, себебі, Алматыға келетін туристер қатары артып келеді -дейді әкімдік өкілі.
Ілияс Өсеров, қала әкімінің орынбасары:Зерттеу нәтижелеріне қарасақ, Алматыға келетін бір турист кем дегенде 100 доллар жұмсайды. Бізде қысқы тау спорты танымал болғандықтан, бұл сома тағы де еселене түседі. Тиісінше, қаражат қалаға және оның экономикасына инвестиция ретінде құйылады.
Бүгінгі брифингте Ілияс Өсеров қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың экономика құрылымын өзгерту жөніндегі тапсырмасы қалай жүзеге асып жатқанына да тоқталды. Бұл ретте Алматыда өтіп жатқан креативті индустриялар форумы шаһар экономикасының серпінді жобаларына серпіліс берері сөзсіз.
Ілияс Өсеров, қала әкімінің орынбасары:Қазір креативті индустриялар экономика үлесінің шамамен 1,7%-ы. Бұл 45 мың қызметкері бар 18 мыңға жуық ұйым мен жеке кәсіпкер. Көрсетілген қызметтер көлемі – 402,8 млрд теңге.
Ілияс Өсеровтың айтуынша, бұл тың бастамалар дәстүрлі экономиканың тәуекелдерін азайту және білікті мамандар үшін жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарын құру мақсатында жүзеге асырылмақ. Сондықтан креативті индустриялар форумы секілді маңызды шаралар бірегей шығармашылық идеяларды анықтауға және олардың өмірге келуіне көмектеседі.
Жазира Оразқызы