Алматыда студенттер арасында робототехникадан екінші республикалық чемпионат өтті. Жарысты Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырды. Сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігімен Еуразиялық технологиялық университеті де атсалысты. Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға біздің түсіру тобы барып қайтты.
Чемпионаттың ашылуында сөз сөйлеген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысушыларға сәттілік тіледі. Шаһар билігі әрдайым жас таланттардың ойын жүзеге асыруы үшін қолдау көрсететін жеткізді. Биыл екінші рет өткен жарысқа 13 команда қатысты. Барлығы роботтарды өздері жасаған. Талап бойынша ені мен ұзындығы бір метрден аспауы тиіс. Қиялға шектеу болмапты. Ал басты мақсат – жастарды ғылымға баулып, елімізде робототехниканы дамыту.
Медет Тұрғанбаев, «ETU Robocon – 2021» чемпионатының ұйымдастырушысы:Чемпионтаттың негізгі мақсаты - робототехника, цифрлы Қазақстан дейміз сол жағын дамыту. Бірінші чемпионатқа қатысқан 15 университеттің 10-ында лабораториялар ашылды.
Бұл жолғы сайысқа қатысқан роботтар бірінен- бірі өтеді. Жарыстың шарты бойынша команда мүшелері роботтың көмегімен шарды көбірек қалыпқа түсіруі тиіс. Чемпионатқа қатысушылар өздерінің ғылымға бейімділігін бағамдап, халықаралық додаларда бақ сынауға дайын екендерін көрсетті.
Берік Сағитжанов, «ETU Robocon – 2021» чемпионатына қатысушы:Үш жыл бұрын Елбасымыз цифрлы Қазақстанды енгізген кезде көңіл жақсы бөліне бастады. Көп университеттер, мектептер робототехника саласын мамандық ретінде немесе пән ретінде енгізе бастағандықтан қолдауды көбірек ала бастадық. Және осындай жарыстардың саны бес жыл бұрынғыға қарағанда үш есе артты.
Сайыс қорытындысы бойынша Сүлеймен Демирел атындағы университет студенттері жеңімпаз атанды. Қазақ-Америка жоғары оқу орнына екінші орын бұйырса, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің атынан қатысушылар үздік үштіктен көрінді.
Қуан Нұрақын