Батыс Қазақстанда полиция қызметкері жол апатын жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда полиция қызметкері жол апатын жасады

03.12.2021

Батыс Қазақстанда полиция подполковнигі көлігімен соғып кеткен 6 айлық қыз бала жансақтау бөлімінде жатыр. Оқиға орнында 51 жастағы әйел қаза тапты. 23 жастағы тағы бір әйел мен оның 6 айлық баласы ауруханаға жеткізілді. Сәбиге ота жасалып, бір аяғын кесіп тастауға тура келген. Екінші аяғы да бірнеше жерінен сынған. Көп қан жоғалтқан, жағдайы өте ауыр дейді дәрігерлер. Айта кетейік, Орал-Тасқала тасжолында Теректі ауданына қарасты кенттік полиция бөлімшесі бастығының орынбасары мас күйде Hyundai Accent көлігіне отырып, Lada Largus-қа бетпе-бет соғылған. Қамауға алынған полицей органда 20 жыл қызмет еткен.

Болатбек Белгібеков, облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:

Қазіргі уақытта ҚР ҚК 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Полиция қызметкері уақытша ұстау изоляторына қамалды. Барлық тиісті сараптамалар тағайындалды. Бұл іс департамент басшылығының бақылауына алынды, ол бойынша объективті және жан-жақты тергеу жүргізіледі. Бұл қызметкер міндетті түрде теріс себептермен Ішкі істер органдарынан шығарылады.

Семейде жол көлік оқиғасынан 20 жастағы жігіт қаза тапты. Қабанбай батыр көшесімен жүйткіп келе жатқан Land Rover маркалы көлігі жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан қыз бен жігітті қағып өткен. Қатты соққының нәтижесінде жігіт сол жерде қайтыс болған. Ал 16 жастағы қыз ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Оқиға орнынан қашып кеткен көлік жүргізушісі қолға түсті. Қазір оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, сараптама жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу