Алматы мен Алматы облысының шекарасында көлігімен қарсы бағытта келе жатқан полиция қызметкері видеоға түсіп қалды. Тәртіп сақшысының формасындағы жігіт тізгіндеген көлік мемлекеттік нөмірсіз болған. Видео авторының сөзінше қарсы бағытта келе жатқан көлік кептелістен қашып, оның темір тұлпарын соғып кете жаздаған. Алматы полициясы жағдайға қатысты пікір білдірді.
Департаменттің хабарлауынша, видеодағы азамат - патрульдік полиция полкінің қызметкері. Қазір осы факт бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп, ереже бұзған полиция жұмыстан шығарылды. Әрі оның екі бастығы да тиісті қызметінен босталды.
Жол талғамайтын көлік екі адамды қағып кетті
Сондай-ақ Алматыда жол талғамайтын көлік екі адамды қағып кетті. Апат салдарынан 21 жастағы азамат көз жұмды. Оның сүйіктісі ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді. Куәгерлердің сөзінше олар жаяу жүргіншілер жолағынан қарсы бетке өтіп бара жатқан. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Жүргізуші қамауға алынды.