Агро саладағы өзекті мәселелер мен даму келешегі талқыланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Агро саладағы өзекті мәселелер мен даму келешегі талқыланды

03.12.2021

Жауырды жаба тоқығаннан жағдай жақсармайды. Министр агро саладағы ақсап тұрған тұстарды ашық айтты. Парламенттік тыңдауда ауыл шаруашылығындағы мәселелер жіктеліп, дамыту жолы айтылды. Түптеп келгенде бәрі ғылымға тіреліп отыр. Енді рет-ретімен. Нысаналы Ығыл баяндайды.
Өнімнің берекелі болуы ауа райына байланысты. Құбылса, құлдыраймыз. Бұған биылғы қуаңшылық дәлел. Егін құрғады, мал қырылды. Себебі, технологиялық тұрғыдан тұралап қалған елміз. Егер ескірген селекцияны ертерек жаңартпаса тұқымды импорттауға тура келеді. Өсімдік шаруашылығын да әртараптандыру керек. Жайылымдар 60%-ға дейін тозған, 42% алқап құр қурап жатыр. Мал азығы қажет нормадан 2 есе аз өндіріледі.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығының министрі:
Жеке шаруашылықтағы мал басын жайылымдармен қамтамасыз етуді біз оларды кооперациялау және осындай кооперативтерге жер алқаптарын беру және оларға мемелекет тарапынан қолдау көрсету арқылы түбегейлі шешпекпіз.
Субсидия – сыйақы емес. Алайда, солай пайдалану белең алды. Соңғы 3 жылда 1 трлн 39 млрд тг қаржы бөлінген. Елде ресми тіркелген 278 мың шаруашылық болса, солардың 90%-ына бұл ақша бұйырмаған.
Анас Баққожаев, Ауыл шаруашылығы сарапшысы:
Енді мал өнімдерінің 3,2 бөлігін беріп жатса да қосалқы шаруашылықтар мемлекеттен ешқандай көмек алмайды. Ал, миллиардтап субсидия алып отырған шаруашылықтар үлесі үштен бірі ғана. Осы жағдайды әділ деп айтуға болмайды.
Субсидия негізінен ірі бизнес субъектілеріне және жаңа технология енгізем дегендерге беріледі. Бұл орынсыз. Судың да сұрауы бар. Яғни, субсидия материалдық көмек ретінде емес, өнімді еселеу үшін берілу керек.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығының министрі:
 Субсидия берген кезде жәй беру емес, субсидияға міндеттемелер болуы керек. Ол мал басының өсуін қамтамасыз ету, мысалы өнімді өндіру және өткізу көлемін ұлғайту.
Үй жануарларын емдеуі тиіс ветеринарлар күйбең тірлікпен жүр. Жалақылары мардымсыз. Жағдай жасалмаған соң жолай қойғысы жоқ. 309 бос жұмыс орын бар.
Мұхтар Жұмағазиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Мемлекеттік 3 аграрлық жоғары оқу орындарын биылғы жылы ветеринария мамандығы бойынша 771 адам оқып шыққан. Олардың ішінде жұмысқа орналасқаны. Демек елімізде ветерианариялық, биологиялық қауіпсіздік қамтамасыз етіледі деп айта алмаймыз.
«Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заң жобасы әзірленді. Енді Парламентте таныстырылады. Онда қарапайым фермерлердің өнім өндіріп, өткізуіне және өркендеуі көзделген дейді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Ауылшаруашылығы еліміз үшін стратегиялық маңызы бар салалардың бірі болғандықтан Мемлекет басшысы осы бағытқа үнемі баса мән беріп келеді. Бұл мәселе Сенат жұмысында да басымдыққа ие. Біз бұған дейін де аграрлық тақырыпқа құырлған іс-шаралар өткіздік. Бүгінгі тыңдау осы бағыттағы жұмыстардың жалғасы.
2025 жылға қарай өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізіп, экспортты 2 есе ұлғайту жоспарланған. Инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы 1 млн ауыл тұрғынының табысы тұрақты артпақ. Құлаққа жағымды жобаға жан біте ме, жоқ па оған уақыт төреші.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу