«Qazaqstan» Ұлттық арнасы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында көрермендер назарына Жәңгір хан, Домалақ ана, Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмабек Тәшенев, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев сынды тұлғалардың өмірі мен қилы тағдырын бейнелейтін 6 сериалды ұсынады.
Тоқталатыны - 1 жылда түсірілді. 6 ерекше тұлға. Тұлғалар өмір сүрген заман. Мұндай презентация бұрын болмады-ау. Телехикая индустриясы қалыптасып келеді. Осы ретте 6 сериал да саланың дамуына ықпалдасады деп үміттендіреді.
Ұлттық арна басшысының сөзі: Әрине, көптің әділ бағасын қабылдаймыз. Себебі мінді түзейтін сын. Ал мұратымыз – өскелең ұрпаққа ұлттың күрделі тағдырын, пайымын, өресін кино тілімен жеткізу.
Рас, көрермен бағасын береді. Мәселе, конструктивті сынмен өсіп, осы үрдісті жалғастыруда. Мәселе, жеткілікті қаржы бөлінгенінде.
Ұлттық арна келесі жылы Әлихан Бөкейханов, Дина Нұрпейісова, Мағжан Жұмабаев туралы сериал түсіруді жоспарлап отыр. Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романына негізделген телехикая да жарық көруі мүмкін. Түркиямен «Қорқыт ата» бірлескен жобасы да қолға алынды.
Тоқсаныншы жылдары тарихтың ақтаңдақтары ашыла бастағанда қатты әсер еткен кезеңдер, тарихи тұлғалар болды. Бірінші кезекте Алаш тарихы. Алаш қайраткерлері. Өмірі мен қызметі. Жиырмасыншы ғасырдың басынан екінші дүниежүзілік соғысқа дейінгі кезең Алаштық рухта, сол ракурстан оқытылуы керек деген ойымызды қоса кетейік.
Сонымен бірге санаға қатты әсер еткен тұлғаның бірі - Жәңгір хан. Күрделі, бір ғана сипатқа сыймайтын Билеуші. Тіпті ол ағартушы. Осы Жәңгір хан бейнесі мінсіз адам да, тұлға да болмайтынын ұқтырған еді.
Сериалдарды көруге асықпыз. Телехикаялар 16 желтоқсаннан бастап «Қазақстан» және «Абай» телеарналарында көрсетіледі.