Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы Еуропада да тойланып жатыр. Ұлық мерекеге орай Италиядағы Қазақстан елшілігі салтанатты қабылдау ұйымдастырды. Шараға Италия үкіметінің мүшелері, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер, дипломаттар мен осы елде тұратын қандастарымыз қатысты. Шетелдік саясаткерлер мен сарапшылар еңсесін тіктеген елдің қуанышына ортақтасып, даму қарқынына жоғары баға берді.
Тәуелсіздік алған күннен әлем елдерімен достықты нығайтқан Қазақстанның қуанышын бөлісуге келгендер де сол туыстай болып кеткен шетелдік дос, жора-жолдас. Бірі аяққа енді тұрған Қазақстанға кезінде қорықпай қаржы құйған кәсіпкер, енді бірі ел мен елді елдестірген елшілер. Бәрі балаң мемлекеттің қарыстап емес, қарыштап дамып келе жатқанына тәнті.
Этторе Розато, Италия парламенті депутаттар палатасының вице-президенті:
Қазақстан - егемендік алған күннен бастап жаһан елдерімен бейбіт қатынас орнатып келеді. Бұл ел басшыларының салиқалы саясатының жемісі. Қазақстан - Италияның Орталық Азиядағы басты сауда, экономикалық серіктесі. Екіжақты қатынасымыз жылдан-жылға қарқынды дамығанына қуаныштымыз.
Манлио Ди Стефано, Италия сыртқы істер министрінің орынбасары:
Сіздер демократиялық мемлекет құруда үлкен жетістікке жеттіңіздер. Бұл оңай емес. Мақсатқа жету үшін табанды еңбектенгендеріңіз жоғары бағаға лайық. Біз Қазақстанмен сауда-саттықтан бөлек, мәдени қатынасты нығайтуға ниеттіміз. Осы мақсатта жақында Алматыда мәдениет институтын ашпақпыз.
Қос ел машина жасау, «жасыл» энергия, киберқауіпсіздік, ғарыш, ауылшаруашылығы саласында ынтымақты арттырмақ. Итальялық компаниялар Қазақстаннан 50 мың тонна бидай сатып алуға құлшынып отыр. Және біріккен инвестициялық жобалардан қаржыны аямақ емес.
Ерболат Сембаев, Қазақстанның Италиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:
SDF деген трансұлттық компаниямен «ҚазАгроМаш» холдингі бірлесіп, Қазақстанда трактор мен комбайн шығармақ. Газ және мұнай саласында «Petro Valves» деген итальяндық үлкен кәсіпорын қазақстандықтармен бірге Қазақстанда өз зауытын ашпақ. Олар Қазақстан жерінде газ-мұнай саласына клапан шығармақ.
Сырттағы сыншылар бейбітсүйгіш елдің 30 жылда жеткен жетістіктеріне, халықаралық бастамаларына жоғары баға берді. Тәуелсіздікпен бірге төл әдебиетін, тарихы пен мәдениетін қайта жаңғыртқанына тамсанды. Сонан соң мәртебелі меймандар түркістандық өнерпаздардың концертін тамашалап, ұлттық тағамдардан дәм татты. Торқалы тойға жиналғандардың бәрі ынтымағы жарасқан, өзіндік дара жолы бар қазақ елінің айбынын асырып, айдынын тасытатын әлі талай оқиғалардың куәсі болудан үмітті.
Нұрсұлу Қасым