Арқалық қаласындағы 100-ге тарта көпқабатты тұрғын үй бастан-аяқ жөндеуді қажет етеді. Әсіресе жертөлелердегі инженерлік жүйе әбден тозып, шіріп тұр. Соның кесірінен кейбір үйлер жылуға уақытында қосыла алмайды. Құбырлар жиі жарылып, жертөле ішін лас су басып кетеді. Тығырықтан шығудың жолы бар ма? Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Шақшақ Жәнібек көшесіндегі 87-үйдің инженерлік желісі әбден тозғандығы жертөлесінен-ақ көрініп тұр. Қабырғалары іріп құлап жатыр. Аяқ алып жүру қиын. Темір бұйымдарының бәрі шіріген. Төмен түсудің өзі қауіпті. Қолдан жасаған ағаш саты тұр. Оның өзін абайлап баспасаңыз құлап кетуіңіз мүмкін.
Валентина Шабухова - осы тұрғын үйдегі серіктестіктің басшысы. Жертөлеге жиі түседі. Себебі осындағы инженерлік желіні қадағалап, ақау шықса анықтап, жөндеушілерді шақыруды өз міндетіне алған. Бірақ әбден шіріген құбырлардың бір тұсын жамап-жасқап жатса, келесі тұсы тағы жарылады. Соның салдарынан жертөле ылғи ылғалданып, жағымсыз иісі пәтерлерді де жайлап кетеді.
Үмітхан Алшынбаев, қала тұрғыны:
Канализация тазартылмайды. Өте жаман иіс кеп тұрады үйге. Бір жылдары үйге егеуқұйрық қаптап кетті. Оны өз күшімізбен тазарттық. Жертөледе егеуқұйрық қаптап жүр.
Үйлердің сырт келбетінің де сиқы қашқан. Сылағы үгіліп түсіп, күтім көрмеген қабырғалары сұрқай, сұрықсыз тартып тұр. Ішіне кірсеңіз де, көңілсіз көрініс еңсені басады.
Қапеш Әлиев, қала тұрғыны:
Кіреберістегі баспалдақтар тозған. Тастары тесік-тесік. Кейбір жерлеріне тақтай төсеген болады. Адам түнемелік кірсе, сүрініп құлайды. Мұндағылардың көбі үлкен кісілер.
2014 жылы жеке серіктестік құрған тұрғындар үйдің күтімін өз мойындарына алған. Ол үшін әр пәтерден айына бір шаршы метр үшін 32 теңге 30 тиын төлем жиналады.
Валентина Шабухова, тұрғын үй серіктестігінің басшысы:
Бірінші кезекте жертөледегі инженерлік желіні толық ауыстыру қажет. Үйдің сыртын жөндемек түгілі, соған да ақшамыз жетпейді. Барлық тұрғыннан жиналатын бір айлық төлем 135 мың теңге ғана. Соның өзін бәрі бірдей тапсырмайды.
Арқалықта барлығы 133 көпқабатты тұрғын үй болса, соның 100-ге жуығының жағдайы мүшкіл. Қала басшылары бұл түйткілді шешу тұрғындардың өздеріне байланысты екенін айтады. Яғни олар мемлекеттік бағдалама бойынша пайызсыз несие алып, үйлерін жөндеп алуына болады. 2014 жылдан бері осындай тәсілмен Арқалықта 16 тұрғын үй қайта жаңартылған.
Дәуренбек Әбдібек