Мәскеуде мемлекеттік қызмет көрсету орталығында атыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде мемлекеттік қызмет көрсету орталығында атыс болды

08.12.2021

Мәскеуде мемлекеттік қызмет көрсету орталығында атыс болды. Бұрынғы армия подполковнигі екі адамды атып, төрт адамды жаралады. Оқиғаның мән-жайын қазір Мәскеудегі тілшіміз Индира Бегайдардан білеміз.

Индира Бегайдар, тілші:

Атыс Мәскеудің оңтүстік-шығысында орналасқан мемлекеттік қызмет көрсету орталығында болды. Маска тағу жөніндегі ескертуді елемей, күзетшімен сөзге келіп қалған 45 жастағы ер адам тапаншадан оқ жаудырды. Күзетші оқиға орнында қайтыс болды. Сонымен қатар қаныпезер орталық қызметкерін де атып өлтірген. Төрт адам жараланды, олардың ішінде 10 жастағы қыз бала бар. Жарақат алғандардың жағдайы ауыр. Ал оқ жаудырған адамды орталықта істейтін ішкі істер министрлігінің көші-қон жөніндегі қызметкері ұстаған.

Георгий Домолаев, орталық қызметкері:

Оны ұстау туралы шешім қабылдағаннан кейін мен соңынан жүгірдім. Ұсталған кезде ол қарсылық көрсетті. Оның белбеуінде пышақ бар екенін көрдім. Ұстаған соң көмек келуін күттім.

Ұсталған кезде қаскөй коронавирустың барына сенбейтінін айтқан. Оған психиатриялық сараптама тағайындалды. Бір анығы - мекеме дабыл қаққыш жүйесімен жабдықталмаған.Ресей тергеу комитеті бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиға туралы алдағы хабарларымызда баяндаймыз.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу