Қазақстанда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе құрылады. Басты мақсат - биологиялық қауіп-қатерлерді ерте анықтау, оларды болдырмау және алдын алу.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында осы салада қандай өзгерістер болатыны талқыланды. Толығырақ Парламенттен тікелей эфирге қосылған тілшіміз Берік Көшебай тарқатады.
Берік Көшербай, тілші:
Биологиялық қауіпсіздік тақырыбы әрдайым өзекті болған. Ал короновирусқа байланысты әлемдік пандемия басталғаннан бері бұл мәселеге барлық мемлекет ерекше көңіл бөле бастады. Биоқауіпсіздікті қамтамасыз етіп, халықтың денсаулығын сақтау үшін Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша біздің елде де Заң жобасы әзірленді. Жаңа құжат биологиялық қауіпсіздік саласында біріңғай мемлекеттік саясат қалыптастырып, жауапты органдардың нақты құзыретін белгілеуге мүмкіндік береді. Заң жобасын іске асыру үшін алдағы 3 жылда, шамамен, 25 млрд теңге қажет. Бұл қаражат қызметкерлерді әлеуметтік қорғау, мемлекеттік зертханалардың базасын жақсарту, биоқауіпсіздік саласында бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе құру және микроорганизмдер коллекциясын ұстап тұруға жұмсалмақ. Бұдан бөлек, бүгін Мәжілісте биологиялық қауіпсіздік талаптары бұзылғанда қандай жауапкершілік бар екені де талқыланды. Екінші Заң жобасында қауіпті патогендерді заңсыз қолданған, өткізген және ұрлаған, сондай-ақ олармен жұмыс істеу талаптарын бұзған адамды қылмыстық жауапкершілікке тарту көзделген.