Қызылорда облысында еліміздегі ең үлкен шыны зауыты іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында еліміздегі ең үлкен шыны зауыты іске қосылды

08.12.2021

Қызылордада жылына 200 мың тоннаға жуық өнім шығаратын шыны зауыты іске қосылды. Еліміздегі әйнек өндіретін ең үлкен өндіріс орнының ашылуына Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысып, көптің қуанышына ортақтасты. Толығырақ әріптесім Әділбек Серікұлы баяндайды.

Қызылордалықтар көптен күткен шыны зауыты іске қосылып, шикізат балқыту пешіне от жағылды. Ірі жобаның құны - 42 миллиард теңге. Мұнда тәулігіне 600 тонна шыны өндіріледі. Келешекте ел нарығына ғана емес, өнімді экспортқа да шығару көзделуде.

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:

Отанға қажеттілікті осы зауыттан алатын болсақ, онда ішкі инвестиция болып саналады. Елімізде қаражат қалады деген сөз. 30 пайызға дейін шыны сыртқа экспортталады деп жоспарланып отыр.

Жаңа зауыттың құрылғылары әзірге сынақтан өтіп жатыр. Ал өндіріс орны толық қуаттылығына шығу үшін 6 айға дейін уақыт керек.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Балқыту пеші кезең-кезеңімен іске қосылады. Ондағы температура 2 мың градусқа жеткенде ғана алғашқы шыны өндіріледі деп жоспарлануда. Еліміздегі ең ірі шыны зауытында 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.

 Апатты үй тұрғындарына пәтер берілді

Сондай-ақ, осы күні «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында апатты үйде тұрып келген 50 отбасыға шаһардың сол жағалауынан жаңа баспана беріліп, қоныс тойын тойлады.

Әсем Ибрашева, қала тұрғыны:

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тұспа-тұс келген қуанышты күнімізге жаңа қоныс тойымыз тойлап жатырмыз. Кілт алып жатырмыз. Ендігі жерде бәрі де жақсы болады деп ойлаймыз.

 Елге еңбегі сіңген азаматтарға мемлекеттік наградалар табысталды

Мұнан соң ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиында елге еңбегі сіңген азаматтарға Президент атынан мемлекеттік наградаларды табысталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті сенатының төрағасы:

Өңірлерді дамыту мәселесі оның ішінде Қызылорда облысын өркендету Президентіміздің тікелей бақылауында. Осының арқасында Сыр елі Тәуелсіздіктің 4-ші жылдығымен бірге дамудың жаңа белесіне нық қадам басады деп сенеміз.

Сондай-ақ, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлына «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу