Елордада «Көшбасшы. Тұрақтылық. Өрлеу» атты алқалы жиын өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «Көшбасшы. Тұрақтылық. Өрлеу» атты алқалы жиын өтті

10.12.2021

Қазақстан - халықаралық мәселелерге бастамашы болған беделді мемлекет. Елордада бас қосқан отандық және шетелдік сарапшылар 30 жылдағы жетістікті осылай бағалады. Еліміздің Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, Орта Азия елдері ішінде алғаш болып БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болғаны соның айғағы. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған конференцияда азаттық жылдарындағы маңызды істер сараланды.

Раушан Сайлауқызы, тілші:

«Көшбасшы. Тұрақтылық. Өрлеу». Конференцияның бұлай аталуы да тегін емес. Өйткені Қазақстан 30 жылдың ішінде бірлігі бекем, тұрақтылығы нық, экономикасында өсім бар, көп бастамаларда көшбасшы елге айналып үлгерді. Бүгінгі жиында сөз сөйлеген әлемнің саяси сарапшылары да осындай баға беріп отыр.

Бүгінгі жиынның жөні бөлек. Мерейлі мерекенің лебі сезіледі. Азаттық алғалы 30 жыл. Бірақ Тәуелсіздікке жету жолында үлкен тәуекелдер жатыр. Егемендікті еңсеру оңайға соққан жоқ. Кеңестік кезеңнен кейінгі өзгерістер. Халықтың ауыр тұрмысы, экономикалық дағдарыс. Осындай ауыр кезеңде ел тағдырын қолға алған Елбасының еңбегі ерен.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 30 жылдың ішінде экономикасы мықты, қоғамы тұрақты, халқы тату, мәртебесі биік Тәуелсіз Қазақстанның іргетасын қалады. Оны одан әрі нығайту үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси-әлеуметтік, экономикалық реформаларды қолға алып нақты стратегиялық міндеттер қойды. Біз бір ел болып, алға қойған мақсаттарымызға жетеміз деп сенеміз.

Азаттықтың алғашқы даму кезеңі. Елдің іргетасы қаланды. Билік жүйесі қалыптасты. Қарулы күш құрылды. Төл валютамыз бен рәміздер бекіді. Тәуелсіз елдің тұңғыш Ата Заңы қабылданды.

Қайрат Мәми, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы:

Референдумда қабылданған Конституция ұлттық жаңа заңнамаға серпін берді. Кәсіби Парламент құрылды. Құқық шығармашылығының рөлі артты. Президенттік өкілеттілік күшейді.

Тәуелсіздік алғалы әр салада өсім бар. Халықтың кірісі 10 есе артты. Жұмыссыздық деңгейі 12,8 ден 4,9 пайызға төмендеді. Халық саны 4 млнға көбейді. 30 жылда тартылған инвестиция көлемі 400 млрд долардан асты.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары: 

Халықаралық қаржы ұйымдары қазақстандық экономиканы орнықты деп таныды. Әлеуметтік жетекші агенттіктер пандемияға дейінгі рейтингті растады. Алдағы уақытта сабақтастық, әділдік , прогрес жолымен табыстарға жетіп, тәуелсіздігін нығайта береді.

Тәуелсіздік - сан ғасырлық күрестің жемісі. Қазақ халқы егемендік алғанға дейін де талай сынақты басынан өткерді.

Дәурен Абаев, ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары:

ХХ ғасырда қазақтың көрмегені жоқ. Ашаршылық, соғыс. Осындай зобалаңдарда тіліміз бен дәстүрімізді сақтадық. Ұлт ретінде қайта қалыптастық.

Ядролық қарудан бас тарту – ең үлкен батыл қадам. Жиында сөз сөйлеген АҚШ, Еуропа, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия, Түркия, Иранның саяси өкілдері Елбасының осы шешіміне жоғары баға берді.

Ян Кубиш, ЕҚЫҰ экс-бас хатшысы, БҰҰ Бас хатшысының Ливиядағы арнайы өкілі:

Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, қарусыз әлем идеясын ұсынды. Діни экстремизм мен терроризмге қарсы бастамалар көтерілді. Заманауи, тәуелсіз елді қалыптастыру оңай емес. Бұл қолдарыңыздан келді. Көптеген сарапшылар бұған күмән келтірді. Тұңғыш Президенттің қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан жаңа реформалардың жемісін көріп жатыр.

Елбасы мен егемендік егіз ұғым. Тұңғыш Президенттің Тәуелсіздік жолындағы еселі еңбегі әлемге үлгі. Жиынға қатысқан Түркия Жазушысы Курчат Зорлы Елбасының еңбек жолына арналған кітап жазды.

Курчат Зорлы, жазушы, профессор /Түркия/:

Менің кітабымның аты – Назарбаев лидерлігі. Тәуелсіздік - Назарбаевтың идеяларындағы ең маңызды фактор. Тәуелсіздік болмаса, ешбір жұмыс болмас. Тәуелсіз Қазақстанда 30 жылдығымен құттықтаймын.

Қазақстан - жаһандық жобалардың бастамашысы, әлем елдерімен саяси тұрақтылық орнатқан қауіпсіз мемлекет. Осылай деген меймандар 30 жылдық мерейтоймен құттықтап, мемлекеттің жаңа даму кезеңінде жастардың рөлі зор екенін ерекше атап өтті.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу