Алматыда Тәуелсіздік мерекесіне орай мемлекеттік наградалар табысталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Тәуелсіздік мерекесіне орай мемлекеттік наградалар табысталды

10.12.2021

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында алматылық 130-ға жуық азаматқа мемлекеттік наградалар табысталды. Мегаполистің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, белсенді қоғамдық қызмет атқарған тұлғаларды Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев марапаттады. Салтанатты жиында шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев сөз сөйлеп, Алматы қаласының ұлт тәуелсіздігі жолындағы айрықша орнын атап өтті.

Сенат Төрағасының қолынан мерекелік марапат алғандардың бірі - Үміт Босманова. 1986 жылы алаңға шығып, қайсарлығын көрсеткен Желтоқсан қарлығаштарының бірі. Айтуынша, егемендік үшін күрескен ержүрек ұл-қыздардың ерлігі ұмытылмай, өскелең ұрпаққа өнеге болды.

Үміт Босманова, «Желтоқсан жалауы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

Жастарға айтатыным - рухтары мықты болсын! Патриот болып, алға жүрсін! Біз оларға сенеміз!

Салтанатты шарада Алматының дамуына сүбелі үлес қосқан 130-ға жуық азамат марапатталды. Түрлі саланың майталмандарына «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендері берілді.

Президентіміз - біреу, халқы - тіреу қазір. Сондықтан мәңгілік тәуелсіздік үшін ұлт болып ұйысып, ұлт болып күресуіміз керек.

Марапаттарды Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев алматылықтарға өзі арнайы келіп, табыстап отыр. Бұл ел үшін аянбай еңбек еткен әр азаматқа деген құрмет болса керек.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – еліміз үшін маңызды меже,айтулы белес. Қазақстан бұл кезеңге ірі жетістіктермен жетіп отыр. Ал ендігі міндет – барымызды бағалап, жеңісті жолымызды жалғау. Ол үшін татулығымыз берік, бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болуға тиіс. Алматы – қай кезде де ұлттық рухтың жалауы болған шаһар. Алдағы уақытта да елімізді дамыту жолында бәріміз жұмылып, нәтижелі еңбек ете береміз деп сенемін.

Азаттықтың тарихы асқақ Алматыдан бастау алады. Осылай деген Бақытжан Сағынтаев та мәртебесі биік мерейлі мерекемен құттықтап өтті.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:

Алда келе жатқан Тәуелсіздік күні мерекесін біз ерекше асқақ сезіммен қарсы алып отырмыз. Өйткені Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні – біз үшін мемлекетіміздің мызғымас беріктігі мен тұтастығын,татулығымен шайқалмас шаңырағының биіктігін дәлелдейтін ұлы күн.

Марапаттау салтанаты концерттік бағдарламаға ұласты. Елімізге танымал өнер жұлдыздары ұлттық рухты көтеретін әндер шырқап, мерекелік көңіл күй сыйлады.

Жазира Оразқызы

Хабарламаларға жазылу