Ұлыбританияда омикрон штамын мыңнан астам адам жұқтырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда омикрон штамын мыңнан астам адам жұқтырды

13.12.2021

 Вирустың мутацияланған түрінің тез таралуына байланысты елдің Премьер-министрі Борис Джонсон телеарналар арқылы үндеу жариялады.Қазір бізбен байланысқа Лондондағы тілшіміз Марина Бекенова шыққалы тұр.

Марина, үкімет басшысы мәлімдемесінде не деді? Тығырықтан шығудың қандай жолдарын ұсынды?

Марина Бекенова, тілші:

Шерхан, кеше Ұлыбританияда жаңа штамды мыңнан астам адамның жұқтырғаны анықталды. Бұл алдыңғы күнге қарағанда екі есе көп. Бұған дейін 18 жастан асқандардың барлығына үшінші компонентті қаңтар айының соңына дейін салу жоспарланған еді. Омикрон штамының тез таралуына байланысты британиялықтарға екпе енді осы айдың аяғына дейін егілмек. Борис Джонсон телеарналар арқылы халыққа үндеу жариялап, жаңа сынақтарға дайын болуға шақырды. Оның айтуынша, ковидтің жаңа түрінің салдары өте ауыр болуы мүмкін.

Борис Джонсон, Ұлыбритания Премьер-Министрі:

Егер әлі вакцина алмаған болсаңыз, мүмкіндігінше тезірек инъекция салдырып, өзіңізді қорғауға асығыңыз. Ал егер үшінші екпе салдырып үлгерсеңіз, достарыңыз бен отбасы мүшелеріне ұсыныңыз. Бізде вакцина бар. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланайық.

Бүгінде елде ковидтің қауіптілік көрсеткіші төртінші деңгейге жетті. Яғни індеттің таралу қарқыны жоғары болып есептеледі. Мұндай жағдай соңғы рет мамыр айында тіркелген болатын. Ұлыбританияда ревакцинация науқанын жедел жүргізу үшін қосымша пунктер мен көшпелі егу бригадалары жасақталып, бұл іске еріктілер мен әскерилер де тартылмақ. Зерттеулердің алғашқы қорытындыларына сәйкес коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші компонентін алған адамның омикронды жұқтыру қаупі 75 пайызға азаяды.


Хабарламаларға жазылу