Жамбыл облысында екі жыл бұрын бастау алған пилоттық жоба өз жемісін бере бастады. Мәселен, Жуалы ауданының тұрғыны 2,5 пайызбен несие алып, ауыл халқы мен мектептерді кондитерлік өніммен қамтамасыз етіп отыр. Ал байзақтық тұрғын жылқы алып, мал бордақылаумен айналысады. Әріптесім Нұрдос Болатұлы ауылдағы ағайынның ілкімді істеріне көз жеткізді.
Бәйтерек ауылының тұрғыны Гүлбану Қанатбаева «Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы арқылы несие алған. Бүгінде кондитерлік цех ашып, 4 адамды жұмыспен қамтып отыр. Екі жылдан бері ауыл-аймаққа және өңірдегі 25 мектепке тәттілерін жеткізеді.
Гүлбану Қанатбава, кәсіпкер:
Жуалы ауданы тұрғындарының жағдайын жақсарту мақсатында 4 млн 750 мың теңге несие алғанмын. Осы ақшаға кондитерлік цех ашу үшін барлық құрал-жабдықтарды алып, цехты аштым. Алдағы уақытта кеңейтіп, адамдарды көбірек жұмыспен қамтып, облысқа шықсақ деп отырмыз.
Мұндағы аспаздардың қолынан шыққан тағам түрлері қымбат емес. Бағасы небәрі 80-100 теңге төңірегінде. Өнімді пісіруге қажет сүт пен жұмыртқаны ауыл тұрғындарынан сатып алады. Цехтың ашылғанына жергілікті тұрғындар да қуанышты. Енді дастарханға қажет тәттілер үшін орталыққа сабылмаймыз, дейді.
Бақыткүл Малдыбекова, ауыл тұрғыны:
Бәйтерек ауылының тұрғынымын. Осы цехта өзіміздің өнімдер шығады. Әр түрінен. Кәсіпкер ауылдың бәрін нанмен, түрлі тәттілермен қамтамасыз етіп отыр. Бағасы да қол жетімді.
Несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырғандардың бірі- Байзақ ауданының тұрғыны Алмасхан Рахымбердиев. 5 млн теңгеге 10 бас жылқы алған. Мал бордақылайды. Етін сатып, сүтін сауып пайда табады.
Алмасхан Рахымбердиев, ауыл тұрғыны:
Он шақты алдым. Соның 3-4 биесін сауып көрдік. Төлдерін асырап, қалғанын соғымға байлап жатырмыз. Оны сатып, көктемде бие аламыз. Осылай шаруамызды дөңгелетіп жатырмыз.
Жалпы аймақ бойынша пилоттық жобаға биыл Жуалы, Байзақ және Жамбыл аудандарынан 3 ауыл кірген. Соның ішінде 5 бағыт бойынша 160 іскер жан несие алып, кәсіп бастаған.