Елордада Мемлекет басшысы мен Елбасының қатысуымен салтанатты жиын өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада Мемлекет басшысы мен Елбасының қатысуымен салтанатты жиын өтті

15.12.2021

Тәуелсіздіктің 30 жылы біз үшін дәуірге бергісіз мерзім. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев азаттық жылдарының басты белестерін атады. Бүгін Елордада мемлекет басшысы мен елбасының қатысуымен салтанатты жиын өтті. Тәуелсіздік жетістіктерін еселеу үшін бізге күш-жігерімізді екі, тіпті үш еселеу қажет, табысымызға тоқмейілсуге болмайды деді президент. Әрі Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылық үшін, ең алдымен, ел иесі – қазақ халқы жауапты екенін тағы бір мәрте еске салды.

Тәуелсіздік - тәтті ұғым емес, ұлттық жауапкершілік. Отыз жылда Қазақстан халқы тарихи жауапкершілікті арқалап, ұлт болып ұйыса алғанын бүгінгі күннің биігі дәлелдеп отыр. Осы уақыт ішінде еліміз небір белестерді бағындырды, иірімдері мен қалтарыс-бұлтарыстары көп жолдардан өтті. Талай қиын-қыстау замандарды бастан кешірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Шын мәнінде егемендік – елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ. Әлемде сан миллион халқы болғанымен, ұлтарақтай жері жоқ қаншама ұлт бар. Ал, қазақтың пешенесіне өз мемлекетін құру бақыты жазылды. Бұл – ұлы бақыт, ұлттың бақыты! Бұдан асқан қуаныш, бұдан биік мәртебе бар ма?! Халқымыз Егемендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінеді. Өйткені, біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз. Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ, халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді.

Қазақ мемлекеттігінің тарихы 30 жылмен өлшенбесі анық. Батыр бабаларымыз еуразия кеңістігінде қуатты мемлекеттер құрды. Президент біздің мемлекеттілік тарихымыз көне заманнан бастау алатындығын қадап айтты. Бір кезде бөрілі байрақ көтерген көк түріктер мәңгі ел болуға ұмтылды. Күлтегін мен Білге қаған туралы тастағы жазулар тарихымыздың тереңдігін танытады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алтын Орда орта ғасырдағы алып мемлекет ретінде белгілі. Қазақ халқы осы ұлық ұлыстың тікелей мұрагері болып саналады. Одан кейін тарих төріне Қазақ хандығы шықты. Қазіргі таңда Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Әз Тәукенің Жеті жарғысын білмейтін қазақ кемде-кем. Мемлекеттілігіміздің берік тұғыры болған дала заңдары ел жадында сақталып, бүгінгі күнге дейін жетті.

Мыңжылдықтар тоғысында бабалар арманы орындалып, азаттықтың ақ таңы атты. Егемендік алған 1991-жылы Қазақстанның экономикасы құлдыраған, шетелдік байланыстары үзілген, әлеуметтік ахуалы тіптен нашар күйде еді. Алайда ешбір қиындықтарға мойымастан қазақ елі жұдырықтай жұмыла білді. Әрбір онжылдық ғасырға тең жүкті арқалап, толағай шаруалар атқарылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Алғашқы онжылдық – жаңа Қазақстанның негізін қалау кезеңі. Осы жылдарда мемлекеттік нышандарымыз белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Төл теңгеміз айналымға қосылды. Айбынды Армиямыз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Ана тілімізге мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Ата дініміз оралып, салт-дәстүріміз жаңғыртылды. Бірлігіміздің бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.

Екінші онжылдық өрлеу, үшіншісі кемелдену кезеңі болды. Қазір Қазақстан әлемдегі қуатты, тұрақты елдердің бірі. Енді Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басқалы тұрмыз. Бұл кезең бізге жаңа міндеттер жүктейді. Сондықтан, барлық саладағы реформаны жалғастыра береміз деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ең бастысы, бейбіт өмірді, тыныштық пен тұрақтылықты сақтай білуіміз қажет. Сонда азаматтарымыз Тәуелсіздіктің игілігін әрдайым сезінетін болады. Біздің мақсатымыз – осы. Бабаларымыз ғасырлар бойы Тәуелсіздікке жету үшін күрессе, ендігі ұрпақ Тәуелсіздікті қорғап, нығайту үшін күреседі. Біз бүгінгі елдік істерді жастарға аманаттаймыз.

Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты. Кеңес одағынан тұралап қалған экономикасы, шегенделмеген шекарасы, қиын саяси-әлеуметтік мәселелері бар мемлекетті мұра қылып қабылдаған ол, тарих үшін қысқа ғана уақытта әлем санасатын, қуатты елге айналдыра білді. Салтанатты жиында сөз алған Елбасы азаттық алудың ауыр жүгін бірге көтеріскен бұқара халық пен серіктестеріне алғысын білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы:

30 жылда еліміз тұтас ғасырға татитын ұлы жолдан өтті. Осы тарихи кезеңдер біз бағындырған белестер Тәуелсіздік дәуірінің белгілері болады. Барлығы түйінделіп келгенде ең басты жетістігіміз – біз Қазақстанды әлем мойындаған мемлекет ретінде қалыптастырып, еңселі елге айналдырдық. Бүгінде жаһан жұртшылығы қазақ жерін бейбіт мекен, қазақ елін мәртебелі мемлекет, сенімді серіктес ретінде таниды. Мұндай беделге тек рухы мықты, жұдырықтай жұмылған, бірлігі бекем халық қана ие болады. 

Кез келген мемлекеттің дербестігі ең әуелі ел аумағының тұтастығымен өлшенеді. Сондықтан Қазақстанның егемендік алған елең-алаң тұстағы алғашқы қадамдарының бірі – шекараны шегендеу болды. Бұл ұлттық қауіпсіздіктің бірден бір кепілі еді. Осы шешімнің мемлекеттігіміз үшін аса маңызды болғанын тарихтың өзі көрсетіп берді. Жиын барысында елбасы өзінің асыл арманымен де бөлісті.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы:

Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын еліміз басқа да барлық бағыт бойынша болашақта озық 10 мемлекеттің қатарына қосылса екен деп армандаймын. Ұлы мұрат жолында бел байлаған ұлтымыз, мақсаткер де жасампаз жұртымыз барда сол арманның орындаларына сенгім келеді.

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан шет елдік ірі кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатып, сауда-саттықты жолға қоя білді. Орталық азияға құйылған шетелдік инвестицияның 90 пайызы Қазақстанға бағытталды. Жалпы көлемі біздің елге 370 млрд доллар көлемінде қаржы тартылды. Ендігі міндет қуатты еліміздің әлемдегі орнын нықтап, қарышты дамуына атсалысу. Салтанатты жиын соңы мерекелік концертке ұласты.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу