15.12.1991 жыл: Одақтың толықтай күйреуі күн санап жақындап келе жатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

15.12.1991 жыл: Одақтың толықтай күйреуі күн санап жақындап келе жатты

15.12.2021

1991 жыл, 15-желтоқсан. Қазақ елі тәуелсіздігін жария етуге 1 күн қалған болатын. Тарихи оқиға қарсаңында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қандай да бір мемлекет басшыларымен немесе Үкімет өкілдерімен кездескен жоқ. Ешкіммен телефон арқылы да сөйлеспеді, қандай да бір жиын да өткізбеді. Ал бұл кезеңдерде Одақтың тағдыры шешілетін күн алыс емес еді.

Жыл соңына қарай Одақтың толықтай күйреуі күн санап жақындап келе жатты. Дәл осы тұста Дүниежүзілік банк алып державаның сыртқы қарызы туралы ақпарат таратты.

«Кеңес Одағы қарызға белшесінен батты. Жыл соңына қарай державаның сыртқы қарызы 57 млрд рубльден 71 млрд рубльге дейін өсуі мүмкін. Одақтың ішкі проблемалары мен инфляция деңгейі мемлекетті қаржылық күйреуге ұшыратуы ықтимал».

Айналып келгенде Дүниежүзілік Банктің бұл болжамы шындыққа айналды.

Өмірбек Бәйгелді, Мемлекет және қоғам қайраткері:

«Бұл заңдылық болды. Ол система ар жағында түк жоқ система тұғын. Мынау жөндеп ұйымдастыру, елдің жағдайын жасау ондай жоқ. 

Осы кезде жақында ғана «Беловеж келісімне» қол қойған Ресей Еуропадан, бидай сатып алу үшін АҚШ-тан және күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар үшін Италиядан несие сұрады. Жалпы азық-түлік тапшылығы ол кезде одақтың барлық республикаларына тән жағдай болатын.

Ахметжан Есімов, 1991-1992 жж. Алматы облыстық халық депутаттары кеңесінің төрағасы:

«Ауылды мекендерді аралаған кезде тіпті шәйдің өзі проблема болды. Кейбір аудандарда шалғай жатқан таулы аудандарда, шөпті жинап, шөптен шәй жасайтын жағдай болды. Көмір болмай, қойдың қиынан қысқа дайындық жасайтын кезең болды».

Ералы Тоғжанов,ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Ол кезде экономимкалық мәселе де қиын мәселе болды. Өзім де басымнан өткіздім. Далада шәй қайнаттық. Далағы шығып, от жоқ, отын жоқ. Тамақ жоқ. Балаларды асырау керек болды. Балконда қаншасын көрдік. Далағыа шығып от жағып, тамақ дайындағандарды да көрдік». 

Осындай сындарлы кезеңде елімізде жоқшылық пен тапшылықты еңсеруге ерекше ден қойылды. Тиісті заңдар қабылданды. Кешенді реформалар қолға алынды. Олардың барлығы қиын-қыстау кезеңдерде жүзеге асып жатты.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу