«Омикрон» штамының тез таралуы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдерін алаңдатып отыр. Вирустың мутацияға ұшыраған түрі бүгінде әлемнің 89 елінде тіркелген. Жаңа штамм Еуропа елдерінде де өршіп тұр. Коранавирустың 5-толқынынан сескенген қарт құрлық елдері қатаң шектеу енгізуде. Еуропадағы соңғы ахуалды Брюссельден байланысқа шыққан әріптесім Нұрсұлу Қасымнан білейік.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Індеттің таралуына тосқауыл қою үшін Еуропа елдері оқушыларды бүгіннен бастап, яғни бір апта бұрын қысқы демалысқа жіберіп, қатаң локдаун жариялауда. Нидерланд үкіметі 14 қаңтарға дейін барлық сауда орындарын, мейрамхана, кинотеатр, спорт залдарды жапты. Қазір елде тек азық-түлік сататын дүкендер мен дәріханалар ғана жұмыс істеп тұр. Қонаққа екі адамнан артық шақыруға болмайды. Данияда да театрлар мен мұражайлар жабылды. Парижде жаңажылдық отшашу, концерт ұйымдастыруға тиым салынды. Қарт құрлықтың бірқатар елінде биыл Рождестволық жәрмеңке өткізуге де рұқсат берілмеді.
«Омикрон» штамының өршуіне байланысты Еуропа елдері ішкі шекараларын жауып жатқан жоқ па?
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Жоқ, әзірге шекара ашық. Бірақ шектеу күшейтіліп жатыр. Грекия мен Италия 12 жастан асқан жолаушылардан екпе салдыртқан болса да, елге кірерде 48 сағатқа жарамды ПТР тест талап етуде. Ал екпе алмаған ЕуроОдақ елдерінің азаматтары 5 күн оқшаулануы тиіс. Австрияға бүгіннен бастап тек вакцина салдыртқандар мен ковидтен жазылғандар ғана сапарлай алады. Осы екі топқа жататын азаматтар Австрияға табан тірегенде ПТР тест немесе үшінші дозаны салдыртқанын растайтын құжат көрсетуге міндетті. Үшінші дозаны бүгінге дейін Еуроодақта 62 млн адам алған.
Нұрсұлу Қасым